Қорғаныс министрлігі Су-30СМ ұшағының апатқа ұшырауына ықтимал себептердің бірін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрлігі Қарағанды облысында Су-30СМ ұшағының апатқа ұшырауына ықтимал себептердің бірін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды облысында Су-30СМ ұшағының апатқа ұшырау себебін тексеру жөнінде арнайы құрылған комиссия барлық орын алуы мүмкін нұсқаны қарастырып жатыр. Ең ықтимал нұсқаның бірі – бұл бір топ құстың әскери бортқа соқтығысуы. Құстар, әсіресе ірі құстар авиация үшін өте қауіпті. Турбиналы ұшақ жолында кедескеннің бәрін ішкі қарай тартады. Күштік құрылғыға тап болған ірі құстар қозғалтқышты барынша зақымдап, оны істен шығарады. Мұндай соқтығулар негізінен ұшу және қону кезінде орын алады. Заманауи ұшақтардың корпусы құстардың соққысына төтеп бергенімен қозғалтқышы шыдамайды. Қозғалтқышқа құстар түскен кезде ол істен шығады. Ал оған бір топ құс түсетін болса, онда екі қозғалтқыш бірден істен шығып қалады. Мұндай жағдайлар авиацияда өте қауіпті саналады. Өйткені, ұшақтар қозғалтқыштың бірі бүлінбесе ұшуын және қонуын жалғастыра алатындай жасалған», - деді Қорғаныс министрлігі.

Ведомство мәліметінше, қазіргі әуежайлар мен әскери аэродромдар құстарды үркітуге арналған арнаулы құрылғылармен жабдықталған. Жалпы, бүкіл әлемде авиацияның құстармен соқтығысу проблемасы түбегейлі шешілмеген. Сондықтан мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Статистикалық деректерге қарағанда жыл сайын әлемде құстардың әуе кемелерінің соқтығысуының 5 мыңнан астам дерегі тіркеледі. Айта кетерлігі, азаматтық ұшаққа қарағанда жойғыш ұшақтардың жылдамдығы біршама жоғары. Сондықтан құстармен қақтығысқан кезде әскери ұшақтар қатты зардап шегеді.

«Ұшқыштар өмірлеріне анық қауіп төнгенге дейін ұшақты басқару үшін барлық мүмкіндікті жасады. Ұшақ басқаруға көнбей, кабина түтінге толғаннан кейін, азаматтық тұрғындарға, сонымен қатар жердегі азаматтық нысандарға қауіптің жоқтығына көз жеткізгеннен кейін ғана ұшақты тастап шығуға шешім қабылдады. Ұшқыштар ұшақтты апатты жағдайда тастап кету жүйесін барынша төмен тиіктікте пайдаланды. Олар ұшақты барынша сақтап қалуға, әскери бөлімнің арнаулы құтқарушылар күтіп тұрған аэродромға қондыруға тырысты», - делінген таратылған ақпаратта.

Екі ұшқыш та кәсіби мамандар, 2 сынып біліктілігі бар. Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтын бітірген. Екеуі де 1 500 сағатқа жуық ұшқан.


Соңғы жаңалықтар