Көркі көз арбаған Алтайдағы Нарын жайлауы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Көркі көз арбаған Алтайдағы Нарын жайлауы - Тяньшаньнет

Қытайдың Алтай аймағына қарасты Қаба ауданындағы Нарын жайлауы жаз айларында түрленіп, өзгеше түске енеді, деп жазады «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қытайдағы қандастарымыз қоныстанған Қаба ауданындағы Нарын жайлауында ормандар, сан түрлі бағалы өсімдіктер баршылық. Жаз маусымында асқар тау, ну орманы өзгеше түске еніп, өзен сулары сылдырай ағып, гүлдері құлпырып жайқала өседі. Батыс Сібір жақтағы Тайга орманын бұл жерден де көре аласыз.

«Жаз ортасы болғанда, алыстағы қарлы таулардың қыр жоталары күн нұрымен шағылысып, етегі алтын сары түске боялып жатады. Көз жетер маңда, таудың бел жотасына тұман шөгіп, табиғаттың жарасымдылығын әйгілейді. Кілемнің түгіндей көгала майсаң төсінде қоралы қой, табынды сыйыр жайыла оттап, тынысты тіршілікті аңғартады. Нарын жайлауында бір орында тұрып, үш көлді тамашалауға болады, яғни Қанас көлі мен «Қос көлді» көре аласыз. Жолыңыз түсіп Нарын жайлауына барсаңыз, бейне ертегі әлеміне енгендей күй кешесіз. Назарларыңызға осы көркем табиғат көріністерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады Тяньшаньнет.




Түркияда Хорезмді билеген «Жалолиддин Мангуберді» жайлы фильмнің түсірілімі басталды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Түріктің тарихын тереңнен зерттейтін «Ертұғырыл» телехикаясының продюсері Мехмет Буғдаз Хорезмді билеген Жалолиддин Мангуберді жайында көпсериялы туындының түсірілімін бастады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

««Өзбеккино» агенттігінің мәліметінше, «Bo‘zdag‘ film» студиясы таспалайтын сериалдың басты рөлі Жалолиддин Хорезмшахты түрік актері Эмре Кивилжим сомдайды. Фильмнің сценарийін өзбекстандық танымал жазушы Назар Ешанқұл жазған. Қазіргі кезде Түркияның Ақсарай провинциясында түсіріліп жатқан сериял үшін арнайы тарихи әшекейлері бар павильон салынды. Жоспар бойынша фильм Өзбекстан мен Түркия аумағында түсірілетін болған», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.



Айя-София мешіті бүкіл адамзатқа ашық - TRT

Түркия Дін істері басқармасы төрағасы Али Эрбаш Айя-София мешітінің бүкіл адамзатқа ашық екенін жариялады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Эрбаш Дүзджеде журналистерге жасаған мәлімдемеде, «Айя-Софияның ғибадатқа ашылуы әрі ұлтымыз, әрі бүкіл адамзат үшін құт әкелген бір жаңалық болды. Тек қана мұсылмандар емес, күн сайын он мыңдаған адам келіп аралауда. Біз Айя-София бүкіл адамзатқа ашық деп жариялаймыз», деді Эрбаш Дін істері басқармасы. Сондай-ақ ол Мәдениет және туризм министрлігі және Ыстанбұл губернаторлығы ынтымақтастығымен Айя-Софияда ең жақсы қызметті ұсынуға тырысқандарын жеткізді», - деп жазады TRT.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, мемлекет кеңесінің 10-шы департаменті Айя-Софияның мешіттен мұражайға өзгертілуіне байланысты 1934 жылы 24 қарашадағы министрлер кабинеті шешімінің күшін жойды. Мемлекеттік кеңес шешімімен сан ғасырлық тарихы бар Айя-София енді діни құлшылық жасау орны болмақ. Бұл туралы Түркия президентінің жарлығы ресми газетте жарияланды.

Айта кету керек, Айя-София ғимараты VI ғасырдың 30-шы жылдарында Византия императоры Юстинианның заманында салынған. Ол мыңдаған жыл бойы христиан әлеміндегі ең ірі шіркеу болған. 1453 жылы Константинопольды Осман империясы басып алғаннан кейін, шіркеу айналасына төрт мұнара салып, мешітке айналдырған. Айя-София 1934 жылы мұражайға айналды. 1985 жылы UNESCO-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді.



Ташкентте Түркі дүниесі деректі фильмдер фестивалі өтеді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Биыл 22-24 қазан күндері Ташкентте Түркі дүниесі деректі фильмдер фестивалі өтеді, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Өзбеккино» ұлттық агенттігінің мәліметінше, Ташкентте Түркі әлемі журналистерінің федерациясы және Түркі әлемінің мәдениет, өнер және кино қорының қолдауымен деректі фильмдердің көрсетілімін өткізу жоспарланған.

«Фестиваль бүкіл түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келген режиссерлерді кездесулер мен пікір алмасу үшін жинайды. Қатысушы елдердің тізіміне Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Қазақстан, Қырғызстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Автономиялық Түрік Республикалары, Македония, Косово, Венгрия және түркі қоғамдастықтары енген», - деп жазады «ӨзА» агенттігі.


Араста Еуразия одағына мүше мемлекеттер елшілерінің отырысы өтеді - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иранның солтүстік-батысындағы Арас еркін аймағы ұйымының директорлар кеңесінің басшысы Мохсен Нариман Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттер елшілерінің отырысы өтетінін хабарлады, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Мохсен Нариман дүйсенбі күні Араста Иран Сыртқы істер министрінің экономикалық дипломатия жөніндегі орынбасары Ғоламреза Ансаримен кездесуінде: «Еуразия одағына мүше мемлекеттер елшілерінің отырысы Иранның Еуразия мен Кавказ аймағының елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынасын дамыту мақсатында өтеді»,-деді. Ғоламреза Ансари де Арас еркін аймағы ұйымының Еуразия экономикалық одағына мүше елдермен әріптестігін дамыту қажеттігін қуаттап: «Еуразия аймағы мен ТМД елдеріне апарар жалғыз қақпа ретіндегі осы аймақтың әлеуетін пайдаланып, мұнайдан тыс экспорттық тауарлар негізінде аталмыш елдермен сауда айналымын арттыру керек»,-деді», - деп жазады деп жазды Рarstoday.



Измир фильм фестивалі 22-26 қыркүйекте өтеді - TRT

Халықаралық Измир фильм фестивалі 2020 жылы 22-26 қыркүйекте ұйымдастырылады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«2018 жылдан бері ұйымдастырылған фестиваль биыл коронавирус індетіне байланысты сақтық шаралары аясында өткізіледі. Фестиваль аясында үміткер болатын фильмдер Измирдің 30 ауданындағы ашық алаңдарында көрермендерге ұсынылады. Айта кетер жайт, фестивальде биыл телесериалдар да көрсетіледі. Үздік болғандарға «Алтын Артемида жүлдесі» беріледі», - деп жазады TRT.




Соңғы жаңалықтар