Коронавирус: Алматыда мереке қарсаңында бақылау күшейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Алмалы ауданында карантин талаптарын қасақана бұзатындарға шаралар күшейтіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауданда 4 мониторингілік топ құрылды (2 күндізгі, 2 түнгі). Мониторинг топтары күн сайын, күндіз және түнде жұмыс істейді. Сондай-ақ, күндізгі топтар ауданның ірі магистралды көшелерінде жолаушылар көлігіне мониторинг жүргізеді. Қоғамдық көлік жолаушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жүргізушілерге бетперде режимін сақтау туралы нұсқаулық жүргізіледі», - деді С.Құсайынов.

Жыл басынан бері Алмалы ауданында 1155 нысан тексерілді.

ҚР ӘқбК-нің 425-бабына сәйкес 44 заңды тұлғаға (айыппұл сомасы 28 млн теңге) және 117 жеке тұлғаға (айыппұл сомасы 10,2 млн теңге) қатысты шаралар қабылданды.

Сотқа 7 нысан бойынша материалдар берілді. Оның төртеуіне сот шешімі шығарылды («Финик» мейрамханасы, «Физика» бары, «Пират» дәмханасы, «Boohouse» бары), 3 нысан бойынша материалдар сот қарауында («Endorphin» бары, «Где-то» бары, лото клуб («Топаз-Забанов Е. А.» ЖК) Сейфуллин даңғылы 402).

«Жалпы, барлық кәсіпкерлер режимді сақтайды. Бірақ, кейбір кәсіпкерлер заңды айналып өтіп, жұмысын жалғастыруда. Біз түнгі мекеме әкімшілерімен күресудеміз. Бизнестегілерге айтарым - барлық эпидемиологиялық талаптарды сақтау маңызды», - деп ескертті С. Құсайынов.

Сондай-ақ, ол қала тұрғындарын аталған кәсіпкерлік субъектілеріне бармауға шақырды.

Айта кету керек, мереке күндері мониторингілік топтың жұмысы күшейтіледі.

«Мониторингілік топтар күн сайын жұмыс істейді, мереке күндері топтар қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Карантин шараларын сақтау үшін мереке күндері адамдар көп жиналатын жерлерде уәкілетті органдардың қызметкерлері мен қоғамдық қызметкерлерді қосымша тарту жоспарлануда», - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, санитарлық патрульдеу жүргізіліп жатыр.

Егер аудан аумағында іс-шаралар жүргізілетін және санитарлық нормалар бұзылатын болса, мысалы, жұмыс істейтін түнгі мекемелер және басқа да нысандарға қатысты шағымдарды қабылдау бойынша ауданның Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жедел желісі бар.

Тұрғындар 8701-716-59-25 телефонына хабарласып, болмаса 102 номеріне хабарласа алады.

Естеріңізге сала кетейік, қызыл аймақтағы сауда орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері сенбі, жексенбіден басқа күндері жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану нысандары мен фудкорттар тек жеткізіп беру және сауда үйі аумағынан тыс алып шығу қызметімен сағат 10.00-ден 24.00-ге дейін ашық болады.


Соңғы жаңалықтар