Коронавирус: Алматыда тегін экспресс-тесттен қанша адам өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматыда 15 мыңнан астам адам коронавирусқа тест тапсырды. Бұл туралы Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова онлайн-брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, елімізде сәуір айының басынан COVID-19 індетін анықтау бойынша тегін экспресс-тестілер өткізіле бастады. Егер тестілеу оң нәтиже көрсетсе, ПТР-тест (Полимеразды тізбекті реакция) жасалады.

«Жедел тестілеуден өткісі келген адамдар арнайы сайтта анкета толтырып, өтінім береді. Содан кейін олар іріктеледі. Бұл тест адамның ауырған не ауырмағанын анықтап береді. Егер ол оң нәтиже көрсетсе, біз ПТР диагностикаға жібереміз», – дейді департамент басшысы.

Сондай-ақ, ол бүгінде тест тапсыру жалғасып жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі күнге 15 мыңнан астам тест жасалды. Оның алдында айтқанымыздай, 122 адамнан КВИ анықталды. Бүгінде бұйрыққа сәйкес қарастырылған ПТР-тестілеуді қажет ететін контингенттер бар. Оның ішінде ауырған адамдар, науқастармен байланыс жасаған адамдар, шетелден келген азаматтар бар. Біз медициналық қызметкерлерді де тексеріп шықтық»,– деді Айзат Модақасымова.

Бұған дейін, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматыға 55 мыңнан астам экспресс-тест жеткізгені туралы жазған болатынбыз.

Тегін экспресс-тесттен кімдер және қалай өте алатынын мына ақпараттан көруге болады.




Соңғы жаңалықтар