Коронавирус: Алматыға қаңтардың соңына дейін 1,4 мың вакцина жеткізіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев онлайн брифинг барысында 1 ақпаннан бастап жүргізілетін вакцинация мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның мәліметінше, қаңтардың соңында Алматыға ресейлік СПУТНИК-V вакцинасының 1 450 дозасы (290 құты) келіп түседі. Емханалар үшін вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтар мен қоймадан вакцинация кабинетіне дейін тасымалдауға арналған тоңазыту элементтері бар контейнерлер сатып алынды. Ақпан айына 6 мың доза және шілде айына дейін 150 мың доза алу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бүгінде қазақстандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтардың соңғы сатысынан өтіп жатыр. Маусым айында сынақтың 3-фазасынан өткен жағдайда халықты иммундау үшін емханаларға келіп түседі.

«Санитарлық-эпидемиологиялық шаралар талаптарын сақтаудың маңыздылығын тағы да атап өткім келеді. Ертеңгі күні қайтадан жұқтырып алу қаупінсіз қалыпты өмірге оралуымыз үшін, Алматы қаласының барлық тұрғындарын сақ болуға және алдын алу шараларын ұстануға шақырамын. Бүгінгі күні қол жеткізілген нәтижелерді пайдаланып, оларды нығайту маңызды рөл атқарады», - деді Нариман Табынбаев.

Бұл вакциналар алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарының, инфекциялық ауруханалар мен стационарлардың, санэпид бақылау қызметінің мамандары мен жедел жәрдем қызметкерлерінің арасында таратылады.

«Вакцина ерікті түрде салынады. Егер мамандар қарсы болса, салынбайды. Екінші кезеңінде екпе мұғалімдер, басқа медициналық қызметкерлер, есепте тұрған науқастарға жасалады», - деді ол.

Оның айтуынша, вакцина «СҚ-Фармация» арқылы сатып алынады.


Соңғы жаңалықтар