Коронавирус: Антибактериалды терапия қандай жағдайда қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дексаметазон препараты стационарда жағдайы өте ауыр пациенттерге ғана тағайындалады. Бұл туралы Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, инфекционист-дәрігер Баян Тұрдалина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желіде көптеген ақпарат таралып отыр. Соған орай айта кетерлігі, Қазақстанда клиникалық хаттама дүниежүзінде пандемия орын алғанға дейін ақпан айында ең бірінші нұсқасы дайын болған еді. Сол уақыттан бері 4-5 айдың ішінде еліміздің жетекші ғалымдары осы клиникалық хаттаманы жақсарту, жаңарту бағытында көп еңбек етті», - деді ол.

Осы ретте инфекционист-дәрігер клиникалық хаттаманың құрамындағы антибактериалды терапия бөліміне тоқталды.

«Коронавирус инфекциясы вирусты инфекция болғаннан кейін тікелей көрсеткіштері жоқ. Әрине жекелеген жағдайда антибактериалды терапияны қосалқы бактериалды инфекция қосылғанда ғана қолданған дұрыс. Оны да тек дәрігер нақты айтып бере алады. Оның барлығы біздің клиникалық хаттамада ескертпе ретінде көрсетілген», - деді маман.

Оның атап өтуінше, өкпе қабынуына қарсы әсер ететін Дексаметазон препараты стационарда жағдайы өте ауыр пациенттерге тағайындалады. Ол да клиникалық хаттаманың бөлімдерінде көрсетілген.

«Халық арасында аталған препараттарды қосымша қор ретінде сатып алу жағдайларының көп болуына, әлеуметтік желіде дұрыс ақпараттың таралмауына байланысты көп қиындық туындады. Сондықтан ресми деректерге ғана сенуге шақырамыз», - деді Баян Тұрдалина.


Соңғы жаңалықтар