Коронавирус: БҚО-да көшпелі егу бригадалары жұмыс жасап жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жылжымалы егу бригадалары да жұмыс жасап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін өңірде 23540 адам вакцинаның І компонентімен егілді.

Соның ішінде 5603-і – медицина қызметкері, 4271-і – педагог, 1777-сі – құқық қорғау органдары, 11889-ы – басқа сала өкілдері.

Сонымен қатар 4726 адам вакцинаның ІІ компонентін қабылдап үлгерді.

9 сәуір күні түскен 14 мың дозадан (І компонент) 13390 адам (95,6 пайыз) вакцина алды.

«Облыс бойынша 30 медицина мекемесінде егу кабинеттері орналасқан. Оған қоса қала емханаларында көшпелі егу бригадалары ұйымдастырылды. Бұл бригадалар медицина пункті, егу кабинеті бар мекеме-кәсіпорындарға барып, қызметкерлерін егеді. Сондай-ақ ауыл халқын да көбірек қамту үшін аудандарда ұйымдар мен алыс елді мекендерге баратын жылжымалы егу бригадалары жұмыс істеуде», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір тәулікте 205 адамнан коронавирус анықталғанын, 624 науқастың инфекциялық стационарда жатқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар