+7 (701) 759 90 19
USD 432.55 EUR 470.83
RUB 5.84 CNY 61.31
Jańalyqtar

Коронавирус: Халықтың қауіпсіздігі әр адамның жеке жауапкершілігіне ілініп тұр

2020 жылғы 6 наурыз 12:03
Бөлісіңіз:
Коронавирус: Халықтың қауіпсіздігі әр адамның жеке жауапкершілігіне ілініп тұр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдың Ухань қаласынан коронавирус инфекциясы таралып кеткелі бері әлем елдері тосыннан келген қауіптің алдын алудың барлық амалын қарастырып, тиісті шараларды қабылдауға тырысуда. Әйтсе де Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 5 наурыздағы қолда бар мәліметке сай қауіпті вирустың 79 елде тіркелгенін мәлім етті. Апталап ауқымы артып келе жатқан коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың әлем бойынша 100 мыңға жуықтауы – Қазақстанды сақтық шараларын күшейтуге мәжбүрлеп отыр.

Ұқсас жаңалықтар
Ибн Сина он ғасыр бұрын қазіргі карантиннің негізгі қағидаттарын қалады – сарапшы COVID-19 жұқтырған қызылордалық келіншектің жаңа туған сәбиінің дені сау болып шықты Нұр-Сұлтанда аурухана аумағына дезинфекциялайтын тоннель арқылы кіреді

Елжан Біртанов: Коронавирус Қазақстанда тіркелген жоқ

Жалпы коронавирус жайлы ел ішінде тараған алыпқашпа әңгімелер жауапты органдардың, әсіресе Денсаулық сақтау министрлігінің мамандарын әбден зәрезап қылған секілді. Жалған ақпараттың көптігі де қауіпті вирустың Қазақстанға «міне кіріп қойғанын» күнбе-күн таратып, әйгілі актер Джеки Чанға да «коронавирус жұқтырып» қойғаны бар. Бұл жағдай баспасөз мәслихатын өткізген сайын «тек ресми ақпараттарға сүйенуді сұраған» бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің де, министр Елжан Біртановтың да жүйкесін әбден жұқартқан болуы керек.

«Коронавирусқа қатысты күнделікті ақпараттарды уақтылы беріп жатырмыз. Өкінішке қарай, соған қарамастан халық арасында, әлеуметтік желілерден әртүрлі мәліметтер келуде. Мысалы, бүгін уатсапта «Нұр-Сұлтанда екі Қытай азаматы қайтыс болды» деген, кеше «Алматыда ауру Қытай азаматтары емделіп жатыр» деген де жалған ақпарат тарады. Өңірлерден де осындай ақпарат қарша борайды. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздегі түрлі аурудан, инфекциядан қорғау, ашық әрі толық ақпарат беру», - деді министр 5 наурызда ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында бұл сұрақтарға жауап беруден шаршағанын білдіріп.

Елжан Біртанов айтып өткендей қазіргі уақытта коронавирус инфекциясы бойынша Қытайда 80 мыңнан астам науқас тіркелген. Наурыздың 4-нен 5-не қараған күні ауру өсімі Қытайда 0,18 пайызды көрсеткен. Әйтсе де статистика үрей тудырғанымен үміт тудырарлық мәлімет те жоқ емес.

«Қытайда ауруханалардан шыққан азаматтардың саны 52 мыңнан асты. Яғни бүкіл науқастың 65 пайызы емделіп шықты. Өкінішке қарай, дүние жүзіндегі 79 мемлекетте 14 мыңнан астам науқас тіркелді. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясымен науқастанған адамдар тіркелмеді. Мұндай диагноз әлі ешкімге қойылған жоқ», - деді кесіп пішті министр.

Қазақстан қандай сақтық шараларын қабылдап жатыр?

Осы жылдың 29 қаңтарында ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдады. Атап айтқанда, 29 қаңтардан бастап ҚР мен ҚХР арасында жолаушылар автобусының тасымалы, екіншіден, 2020 жылғы 1 ақпаннан бастап ҚР мен ҚХР арасында жүретін жолаушылар пойыздарының бағдары, 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап екі ел арасындағы жүйелі әуе қатынасы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар Үкімет ҚХР азаматтарына виза беруді тоқтатып, 2020 жылғы 4-8 ақпан аралығында Халықаралық теннис федерациясының Федерация кубогының іріктеу матчтарын ҚХР-дың Дунгуан қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына ауыстыру туралы ұсынысын қабылдамады. Сондай-ақ 2020 жылғы 12-16 ақпан аралығында су добынан Азия іріктеу чемпионаты өткізілмейтін болды.

Әйтсе де коронавирус бойынша әлемдік ахуал Үкіметті бұл шектеулерді қайта күшейтуге бірнеше мәрте мәжбүрлеп отыр. 2 наурызда өткен Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу шаралары қаралды. Яғни биылғы жылдың 1 наурызынан бастап ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бірінші санаттағы елдер қатарына Қытай Халық Республикасымен қатар, Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг (ҚХР), Тайвань (ҚХР) және Макао (ҚХР) жатқызылды.

«ҚХР мен Ираннан келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік карантинге жатқызылып, ауруханадан шыққаннан кейін қосымша 10 күн ішінде медициналық бақылауда болады», - деді денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында.

Бірінші санаттағы қалған елдерден келген (Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг (ҚХР), Тайвань (ҚХР) және Макао) азаматтар 14 күнге тұрғылықты жері бойынша карантинге орналастырылады. Бірақ санитарлық қызметтің шешімі бойынша бұл адамдар медициналық ұйымдағы карантинге ауыстырылуы мүмкін. Екінші санаттағы елдерден келген азаматтар 14 күн ішінде тұрғын жері бойынша медициналық бақылауда болып, қосымша 10 күн бойы қоңырау шалу арқылы қашықтықтан бақылауға алынады. Үшінші санаттағы елдерден келген азаматтар 24 күн ішінде қоңырау шалу әдісімен қашықтан бақыланады.

Ал күні кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Қазақстанға келетін жолаушылардың тасымалын шектеу бойынша жаңа шаралардың енгізілетінін мәлім етті. Оның айтуынша, 8 наурыздан бастап 1-ші санаттағы елдердің азаматтары Қазақстанға кіре алмайды. Қазақстан бірінші санатқа кіргізген елдердің ішінде – Оңтүстік Корея да бар. Алайда бұл шектеудің сол елдегі Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ.

Сонымен қатар Құрық және Ақтау порттары Иран мен Әзербайжаннан автопаромдарды уақытша қабылдамайтын болды.

Денсаулық сақтау министрлігі: Карантинге түсіністікпен қарайық

«Шектеу болуы тиіс. Көптеген ел шектеуді енгізеді. 4 наурызда бірінші санаттағы елдерден келген шетел азаматтары үшін шектеулер енгізілді. Жолаушылар ағынын қысқарту үшін осындай нормалар күшіне енді. Өкінішке қарай, біздің азаматтарымыз ескерту мен қауіп-қатерге қарамай, басқа елдерге, әсіресе, бірінші санаттағы елдерге шығуларын қояр емес. Әсіресе, біздің азаматтар көп баратын Оңтүстік Кореяны ерекше атап өткім келеді. Ауру кең таралып келе жатқандықтан біртіндеп шектеу шараларын енгізудеміз. Сондықтан біз алғашқы күндерден бастап азаматтарымызды бұл елдерге бармауға шақырдық. Бізді бизнеске кедергі келтірді деген сыңайда сынға алды. Бірақ бұл ұсыныстар азаматтарымызды қорғауға бағытталған», - деді Елжан Біртанов кеше ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.

Министрдің айтуынша, ескертуге қарамастан кетіп қалған азаматтар елге келген кезде шектеу шараларына дайын болуы тиіс. Бұл денсаулық сақтау кодексіне сәйкес заңды қадам. Осы стандарттарды бұзғаны үшін жауапкершілік те қарастырылған.

«Шектеулер енгізілгенімен біз әрдайым басқа елдердің әуе компанияларына ықпал ете алмаймыз. Сондықтан халықты қорғау мақсатында бізге келіп жатқан азаматтарды депортациялауға дейінгі әрекетті жасауға, жер аударуды жүзеге асыруға құқығымыз бар. Атап айтқанда, 4-і күні БАӘ-ден борт келді. Онда ҚХР-дың екі азаматы бар болып шықты. Біз оларды оқшаулап, бақылап, Қытайға жібердік. Басқа елдер де осындай шараларды қабылдауда. Бұл үйлесімді саясат», - деді министр.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша қазіргі таңда Қазақстанда 992 адам карантинде (5 наурызда Оңтүстік Кореядан келген 100 адаммен қосқанда 1092 адам) жатыр. Оның ішінде оқшауланғандар да, үй жағдайында карантинде жатқандар да бар. 2 және 3 санаттар бойынша, яғни тұрғылықты мекенжай тұрғысынан 7515 адам, жалпы 8 мыңға тарта адам Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауына алынған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қандай бұқаралық іс-шаралар өткізілмейтінін де айтып берді. Министрдің сөзіне құлақ ассақ, ең бірінші кезекте мерекелік іс-шаралар болмайды. Баспасөз мәслихаттары мен көптеген сайыс ұйымдастырылмайды.

Елжан Біртанов коронавирус инфекциясына байланысты халықаралық әуе рейстерімен ұшқанда карантинге жатуға міндеттелген жолаушыларды сабырға шақырады. Себептің де салмақты екенін күнбе-күн құбылған стастистика көрсетіп отыр.

«Бізде азаматтар үшін тамақпен қамтамасыз ететін және санитарлық нормаларға сай келетін орындар жеткілікті. Карантинге жатқызған азаматтар ауру адамдар емес. Олар дені сау адамдар. Сол үшін карантинге түсіністікпен қарау керек», - дейді Елжан Біртанов.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT