Коронавирус: Қарағанды денсаулық сақтау басқармасы маскалар тапшылығына қатысты түсініктеме берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы өңір тұрғындарын коронавирус туралы жалған хабарламаларға сенбеуге шақырды, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында коронавирусқа күдікті бір де бір жағдай тіркелмеген. Аталмыш инфекцияның таралуының алдын алу шаралары туралы Денсаулық сақтау басқармасында өткен брифингте мәлім етті.

«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы коронавирустың таралуының алдын алу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров бастаған облыстық штаб құрылды. Негізгі бағыттарды қамтитын іс-шаралар кешені әзірленді. Медициналық қызметкерлер коронавирус анықталған жағдайда әрекет ету бойынша ауқымды оқытудан өтті. Облыс бойынша провизорлық бақылау және азаматтарды карантиндеу үшін арнайы орындар дайындалды», - деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Ол сондай-ақ медициналық маскалар айналасындағы дүрлікпе туралы да түсініктеме берді. Басқарма басшысының айтуынша, тұрғындардың өздері дәріханаларда жасанды тапшылықтың орнауына әсерін тигізген.


«Бүгінгі таңда біз маска киіп жүру режімін енгізген жоқпыз. Дүрлікпеге еш негіз жоқ. Ақпан айының басында облысқа шамамен 700 мың бетперде алып келген. Азаматтар оларды үлкен партиялармен сатып ала бастады. Бұл мәселені шешу үшін жақын арада облыста бір рет қолданылатын бұйымдар, бірінші кезекте маскалар мен халаттар өндірісі жолға қойылады. Біз тұрғындардың сұранысын толық қанағаттандырамыз», - деді Ержан Нұрлыбаев.

Оның айтуынша, медициналық ұйымдар маскалармен толық көлемде қамтамасыз етілген. Олар республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен сатып алынды.

Брифингте сондай-ақ ЖРВИ мен тұмау ауруы туралы хабарлады. Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың ақпараты бойынша, жағдай қанағаттанарлық және карантин енгізудің қажеті жоқ. 1 қазаннан бастап облыста ЖРВИ дертінің 30 мың жағдайы тіркелген, маусымдық тұмаудың - 142 және В тұмауының бір жағдайы зертханалық сараптама арқылы расталды.


Ведомство басшылары азаматтарды мессенджерлерде жалған хабарламаларға сенбеуге, тек ресми ақпаратты пайдалануға шақырды. Ондай ақпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Денсаулық сақтау басқармасының, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департаментінің сайттарында үнемі орналастырылады.


Соңғы жаңалықтар