Коронавирус: Қызылорда облысында вакцина салдырғандар саны 131 мыңнан асты
Өңірде қатерлі індетке қарсы екпе қабылдау 1 ақпаннан басталды. Нәтижесінде қазір вакцинаның бірінші компонентін алғандар 131 мыңнан асса, екінші компонентін 72 мыңнан астам адам салдырды.
«Екпе қабылдаған азаматтар қатарында педагогтер, медицина қызметкерлері, құқық қорғау органы қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, студенттер бар. Оған қоса вакцина салдырғандар қатарында жұмыссыздар, зейнеткерлер мен кәсіпкерлер саны артып келеді. Өңірде созылмалы сырқаты адамдар да екпе қабылдауға ниет білдірді. Айта кетерлігі, 70-86 жас аралығындағы бірқатар егде жастағы адамдар да қатерлі індетке қарсы вакциналанды. Вакцинадан кейін тұрғындарда асқыну болған жоқ», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Қазір облыс көлемінде 19 екпе кабинеті және 10 жылжымалы егу бригадасы жұмыс жасайды. Вакцинация кабинеттері демалыс, мереке күндері де үздіксіз қызмет көрсетеді. Тұрғындар «Спутник V», «QazVac» және «Hayat-Vax», «Корона Вак» вакциналарының бірін таңдай алады. Екпенің жеткілікті қоры барлық медицина ұйымдарында жасақталған.