Коронавирус: Нұр-Сұлтанда жаппай вакцинация қарқын алып келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада сәуір айынан бастап қала тұрғындарын ғана емес еліміздің өзге өңірлерінен келген азаматтарды да жаппай вакциналау басталды. Ай басталғалы шамамен 47 мың адам екпе алды. Сондай-ақ, вакцинацияға тұрғылықты жері бар, жұмыс істейтін және ҚР аумағында тұратын шетелдіктер де жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ел тұрғындарын вакцинациямен кеңінен қамту үшін Нұр-Сұлтанда егу пунктерінің саны 36-дан 100-ге дейін артты. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында орналасқан олардың жұмыс уақыты 8:00-ден 24:00-ге дейін, сауда, ойын-сауық орталықтарындағы егу пунктері үшін 10:00-ден 22:00-ге дейін ұзарды. Сондай-ақ, қаланың екі ірі «Mega Silk Way» және «Хан Шатыр» СОСО-ларда егу орындары ұйымдастырылды.

Мысалы, бір аптада «Mega Silk Way»-да 1700-ден астам адам вакциналанды.

Екінші сауда,ойын-сауық орталығы — «Хан Шатырда» азаматтарды жаппай вакциналау бүгін, 19 сәуірде басталды. Жақын арада мұндай пунктер «Керуен» СОСО мен «Абу-Даби Плаза» кешенінде де ашылады. Қажет болған жағдайда вакцинация пунктерін қаланың қонақүйлерінде де ашу жоспарда бар.

Халықтың COVID-19-ға қарсы вакцина алу белсенділігінің жоғары болуына байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көшпелі бригадалар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарын жаппай егуге кірісті. Түрлі кәсіпорындарда COVID-19 вакцинасын алғысы келетіндердің саны 1000 адамға жетеді.

Қала бойынша бүгінге дейін барлығы 60 мыңға жуық адам вакциналанды.


Соңғы жаңалықтар