Коронавирус: «Ролан Гаррос» турнирі күзде өтетін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус қатеріне байланысты «Ролан Гаррос» турнирі кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Франция ашық чемпионатының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, «Ролан Гаррос» жарысы 20 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін болды.

Аталмыш дода биыл 18 мамырда басталуы тиіс еді. Алайда ұйымдастырушылар карантиндік шараларға байланысты бұл уақытта өткізуден қауіптенуде.

«Бұл қазіргідей қиын кезде біз қабылдаған күрделі де батыл шешім болды. Денсаулық пен қауіпсіздік үшін күресте бір болып, бәріне жауапкершілікпен қарауымыз керек», деді Франция теннис федерациясының президенті Бернар Гудичелли.

Осылайша «Ролан Гаррос» турнирі Метц (Франция), Санкт-Петербург (Ресей), София (Болгария), Чжухай және Чэнду (Қытай) жарыстарымен бір кезде өтетін болды. Осы мерзімде Бостонда (АҚШ) Лэйвэр кубогы да болады.

«Ролан Гаррос» – жыл сайын өтетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі.

Тағы бір «Үлкен дулыға» додасы – Уимблдон турнирі биылғы 29 маусым мен 12 шілде аралығында өтеді деп жоспарланған. Бұл жарысты ұйымдастырушылар әзірге уақытын өзгерте қойған жоқ. Дегенмен олар да барлық қатысушылар мен қызметкерлердің, жанкүйерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі басты орында екендігін, коронавирусқа байланысты жағдайды жіті бақылап отырғандығын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ресейде барлық футбол жарыстарының тоқтатылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар