Коронавирус: Сақтық шараларына баса назар аударған абзал - маман кеңесі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясымен күрес бағытында қандай жұмыстар жүзеге асты? ҚазАқпарат тілшісінің Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Идрисовамен әңгімесі індетпен күрес мәселесін қаузайды.

«Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 3355 жағдайы тіркелген. Оның ішінде науқастардың 1847-нен аурудың клиникалық белгісі байқалса, 1508-нен симтомсыз түрі анықталған. Бұл бағытта эпидемиологиялық талдау жүргізілді. Олардың арасында 70 адам инфекцияны сырттан тасымалдағаны анықталды. Басым көпшілігі, дәлірек айтқанда, 58,2 пайызы скринингтік тексеру нәтижесінде белгілі болды. Ал 39,7 пайызы қарым-қатынас арқылы жұқтырғандығын көрсетті», - деді Әлия Ыдырысова.

Оның айтуынша, соңғы екі айда облыста коронавирус инфекиясына шалдыққан адамдар қатары қайта көбейген. Қараша айымен салыстырғанда олардың саны екі есеге артқан.

«Салыстырмалы түрде соңғы екі айдағы көрсеткіштерге тоқтала кеткеніміз артық болмас. Мәселен, қараша айында облыста коронавирус инфекциясының 31 жағдайы тіркелген. Ал желтоқсан айында екі еседен артып кетті. Эпидемиологиялық зерттеу барысында желтоқсан айында анықталған жағдайлардың басым көпшілігі коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардан қарым-қатынас арқылы жұқтырылған.

Оған себеп ретінде үй карантиніндегі науқастардың өзін-өзі оқшаулау қағидатын сақтамауын айтуға болады. Тағы бір назар аударарлық нәрсе, сақтық шаралары өз деңгейінде орындалмаған. Сол арқылы үйде тығыз қарым-қатынастағы адамдарға жұққан. Коронавирус инфекциясы ауа тамшысы арқылы жұғатыны белгілі. Ол - респираторлық ауру, адам көп жиналатын, нашар желдетілетін орындарда жұқтырып алу қаупі жоғары.

Сондықтан өңірде ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, адам көп жиналатын салтанатты іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтой, еске алу) өткізуге қатаң тыйым салынған. Себебі жиын-тойларда жабық, аумағы кішкентай үй-жайда шамадан тыс адам жиналады. Бетперделік режим, әлеуметтік арқашықтық сақталмайды. Көпшілік шараға коронавирустың симптомсыз түрімен ауыратын адамдар да келуі мүмкін. Оған ешкім кепілдік бермейді. Ол адам өзінің вирус таратушысы екенін білмейді. Сол себепті айналасындағы адамдарға үлкен қауіп төндіреді», - деді Әлия Ыдырысова.

Өңірде белгіленген карантиндік шектеулер бар. Соған қарамастан халық көп жиналған отбасылық жиындарды өткізу әлі де азаяр емес.

«Бүгінгі күнге дейін облыста 915 карантин талабын бұзу жағдайы кездесті. Олардың басым көпшілігі, яғни 472 дерегі үй жағдайында отбасылық мерекелерді ұйымдастыруға қатысты анықталған. Наурыз айында облыста эпидемиологиялық ахуалдың өршіп кеткенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Бұл инфекция жұқтырудың топтасқан жағдайы көбеюіне алып келді. Көпшіліктен сұрайтынымыз, әзірге адам көп жиналатын орындарға баруды уақытша шектей тұрған дұрыс. Қауіп әлі де сейіле қойған жоқ. Алда Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Қазір белгіленген тыйымдарға қарамастан мерекелік кештерді мейрамханаларда атап өту туралы жарнамаларды көз шалып қалады. Алдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында тұмау секілді жұқпалы аурулардың өршуі кездеседі. Сондай-ақ, сол кезеңде коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар», - деді бөлім басшысы.

Ол індетті жұқтырып алмау үшін қарапайым ғана шараларды сақтау керектігін айтады. Бұл сақтық шаралары жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желі беттерінде тиісті мақалалар жариялануда.

«Айта кетерлігі, ауруды жұқтырып алмас үшін азаматтар сақтық шараларына баса назар аударғаны дұрыс. Ол үшін жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және өзге жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаған абзал. Егер мүмкіндік болса, кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатқан дұрыс. Қоғамдық орындарда маска киіп жүру - басты шарттың бірі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар