Коронавирус: Уханнан жеткізілген қазақстандық студенттер арнайы корпуста тексеріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Қытайдың Ухан қаласындағы қазақстандық студенттердің жай-күйі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Ухан қаласында 98 қазақстандық студент бар. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі арқылы олармен тікелей байланыс орнатылған. Күнделікті олармен сөйлесіп отыр. Студенттерде қажетті дүниенің барлығы бар. Себебі, олар оқитын университеттер медициналық құралдар, бетперде сынды барлық заттармен қамтамасыз етіп отыр. Азық-түлігі, барлығы жеткілікті. Қазіргі уақытта Премьер-Министр тапсырмасымен бізде ведомстволық комиссия құрылды. Жақында отырыс өтті. Біз қазір студенттерді эвакуациялау мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл мәселе бойынша Қытай тарапына ресми нота жіберілді. Енді ұшақтың қай маршрутпен баратыны, қайда тоқтайтыны , қайдан алып кететіні пысықталу барысында», - деді Шахрат Нұрышев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Уханнан қазақстандық студенттер жеткізілген жағдайда қандай шаралар қолданылатынын айтты.

«Әрине, мұндай жағдайға арналған санитарлық нормалармен бекітілген ерекше тәртіп бар. Осында жағдайда ұшақты арнайы санитарлық тұраққа қондырып, сол жерде мамандар протокол бойынша барлық жолаушыны тексеріп, шешім қабылдайды. Ухан қаласынан келе жатқан біздің азаматтарға арнайы ерекше стационарлық корпус бөліп отырмыз. Бүкіл жолаушыларға екі аптаның ішінде карантин өткізуге мүмкіндігіміз бар», - деді Елжан Біртанов.


Соңғы жаңалықтар