Коронавирус жағдайындағы Қазақтелеком: Жаңа міндеттер мен 5G қалай іске асырылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі кезеңде халыққа және бизнеске жаңа цифрлық қызметтерді ұсыну, интернет пен ұялы байланыстың қолжетімділігін кеңейту әрі сапасын арттыру бағыттары өте маңызды. Бұл процесс лайықты деңгейде жүзеге асса, онда барлық саладағы жұмыстарда едәуір ілгерілеу болады, себебі цифрландыру заманында оның өзекті екені белгілі. Ал короновирус індеті соңғы бір жылда барша адамзатты әбігерге салғаннан бері байланыс саласына едәуір жүктеме түсіп отырғанын байқап жүрміз.

Биыл қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдаған еді. Қазақстан Президентіне ауылдық елді мекендердегі талшықты-оптикалық желі байланысының құрылысына қатысты ірі жобаның жүзеге асырылуы жайында баяндалды.

Бұл жоба жыл соңына дейін толық аяқталуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевқа көлеңкелі айналымды азайту мақсатында тауарларды таңбалауды енгізу барысы туралы мәлімет берілді. Бұл жобаға «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы операторлық етеді.

Мемлекет басшысы компания жұмысының нәтижесіне оң баға берді.

Міндеттер орындалып келеді

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақтелеком» жүзеге асырған екі жоба ауылдық елді мекендерге интернет желісіне қол жеткізуді қамтамасыз етуге негізделген. «Қазақтелеком» АҚ 2018 жылдың төртінші тоқсанында талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) технологиясын қолдана отырып, Қазақстанның ауылдық елді мекендеріне кеңжолақты желімен қамтамасыз ету жобасын іске асыруды бастады.

Жоба бойынша 828 ауылдық елді мекенде 14 514 шақырым ТОБЖ төселеді және 2 496 мемлекеттік мекеме интернет желісіне қосылады. Қазіргі уақытта жобаның негізгі бөлігі жүзеге асырылды. Нәтижесінде, елді мекендер мен мемлекеттік орган нысандары жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.

Биыл қазан айында компания басшысы Қуанышбек Есекеев еліміздің ауылдық жерлеріне «оптика» салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруды аяқталуға жақындағанын мәлімдеді. Бұл тұрғыда сол кезде Қазақстанда 739 мектеп, 471 әкімдік және 893 басқа мемлекеттік мекемелер жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.

«Әрине, пандемия мен карантиндік шаралар біздің жоспарларымызға әсерін тигізді, бірақ бұған қарамастан, еңсерілген жұмыс қомақты. Жоспарланған 828 ауылдың ішінен негізгі бөлігіне талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарттық. Жыл соңына дейін жоба толықтай аяқталады», - деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы.

Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту бағдарламасы инфрақұрылымға қомақты қаражат салуды қажет ететін жоба екені белгілі.

Дегенмен, бұл шығындар абоненттік базаның кеңеюімен және байланыс операторы ұсынатын қызметтер көлемінің ұлғаюымен қатар, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жою арқылы өзін-өзі ақтайтынын ұмытпау керек.

«Ең бастысы, жоба ауыл тұрғындарының жалпы өмір сүру деңгейін жақсартуға үлес қосады және шалғай аудандарға цифрлық қызметтерді пайдалануға жағдай жасай отырып, маңызды әлеуметтік мәселені шешеді. Сонымен қатар, салынған инфрақұрылым нарықтың басқа қатысушыларына, мысалы, жаңа аймақішілік желілерді құру және олардың көмегімен ауыл тұрғындарына телекоммуникация қызметтерінің барлық спектрін ұсыну бойынша ұялы байланыс операторларына қызмет көрсету үшін пайдаланылады», - деді Қуанышбек Есекеев.

Еске сала кетейік, оптикалық-талшықты байланыс желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін, «Қазақтелеком» 2032 жылға дейін 10-нан 20 Мб-қа дейінгі өткізу қабілеттілігімен осы желіге қызмет көрсететін болады. Бұл 891 ауылдық мектеп пен 709 аурухананы кеңжолақты желіге қол жетімділікпен қамтамасыз етеді.

Осы ауқымды жұмыстардың негізгі жоспарына тоқталсақ, еліміздің барлық аймақтарында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу 2031 жылға қарай ЖІӨ-нің 2 пайызға дейін біртіндеп өсуін қамтамасыз етеді.

Айтпақшы, ауылдық жерлерде жаңа талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы Қазақстанның барлық 14 аймағын қамтитын тағы бір жоба - «250+» үшін инфрақұрылымдық негізге айналуда.

Осы жоба аясында республиканың ұялы байланыс операторлары мемлекеттік мекемелерді «оптикаға» қосу нүктелері негізінде өздерінің базалық станцияларын 250 немесе одан да көп тұрғындары бар ауылдық елді мекендердің аумағына орналастыруда.

Осының негізінде, радиосигнал арқылы 3G / 4G LTE желісімен қамтиды.

«250+» жобасы - жалпы өмір деңгейін жақсартуға көмектесетін үлкен әлеуметтік жоба. Желіні бірлесіп құру және жиіліктерді пайдалану операторларға шығындарды азайтуға көмектеседі, сонымен қатар, ең бастысы, синергия құрып, қысқа уақыт ішінде ауылдарды сапалы байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді «Қазақтелеком» басшысы.

Коронавирус телекоммуникацияға қалай әсер етті?

Коронавирус эпидемиясы кезіндегі басқа да мекемелер секілді Қазақтелеком барынша тиімді жұмыс атқаруға тырысты. Осы орайда компанияның Қоғаммен байланыс қызметі қабылданған шешімдер бойынша тиісті ақпаратты жылдам таратып отырды.

Өйткені коронавирус індеті кезінде байланыс желісіне едәуір жүктеме түскенін білеміз. Бұл кезеңде мектеп оқушылары, студенттер қашықтан білім алып, мемлекеттік қызметшілер және өзге де саланың өкілдері қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Биыл маусым айында Қуанышбек Есекеев коронавирус эпидемиясы кезіндегі компания жұмысын баяндаған болатын.

«Шынында да жұмыс пен жүктеме көбейді. Әсіресе алғашқы 3 аптада компаниялар мен бизнес қызметкерлерінің басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшкенде, компания ресурстарын арттыруға тура келді. Біздің желілеріміздегі жүктеме шамамен 30 пайызға артты және колл-орталықтарымызға келіп түскен өтінімдердің 70 пайызы интернет орнатуға қатысты болды. Компания бұл жұмыстарды да еңсерді», - деді Қ. Есекеев.

Оның айтуынша, қашықтан жұмыс істеу үй жағдайында еңбек етуге үйретті. Байланысқа арналған түрлі қосымшалар пайда болды.

«Компания мен коммуникация саласында да даму бар, себебі тұтынушылар саны көбейді. Тіпті мынадай қызық статистиканы көрсеткім келеді, әдетте үй телефоны желілеріне сұраныс азая бастаған еді. Бірақ, пандемия басталған соң, керісінше, үй телефонын қолданатын адамдар саны көбейді», - деді компания басшысы.

Мамандардың бағалауынша, әлемдік экономикалық дағдарысқа негіз болған коронавирус пандемиясы телекоммуникация саласына аса көп зиянын тигізбеді.

Себебі бұл салада сұраныс едәуір артты, көптеген телекоммуникациялық қызметтерге, соның ішінде цифрлық байланыс хаттамалары қызметтеріне қажеттілік артты.

Нәтижесінде, тікелей «Қазақтелеком» ұсынатын тіркелген телекоммуникациялық байланыс ұсынудан түскен кірістер көлемі тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталды, одан бөлек кірістердің жартысынан көбі цифрлық байланыс хаттамасы қызметінен түсті.

Белгілі болғандай, компаниялар тобы кіріске кері әсерін тигізуі ықтимал жағдайларды жеңілдету үшін, шығындарды азайту шараларын жүзеге асырды.

Нәтижесінде компаниялар тобының көрсеткіштері 2020 жылдың 1-жартыжылдығында айтарлықтай өсті: EBITDA көрсеткіші 2019 жылдың 1-ші жарты жылдығымен салыстырғанда 71 пайызға артып, 119 млрд теңгеге жетті. EBITDA бойынша тиімділік рекордты 48,6 пайызды құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайыздық тармаққа жоғары.

Бағалау бойынша, онда жыл соңына дейін EBITDA көлемі 200-215 млрд.теңге шамасында болады деп ескерілген.

«Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобының 2020 жылғы 6 айдағы таза пайдасы 30,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға немесе 11,3 млрд теңгеге көбірек.

«Қазіргі нарықтық қиын кезеңге қарамастан, компаниялар тобының 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында қол жеткізген қаржылық нәтижелері көңіл көншітеді. Дегенмен біз қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсіп, тоқтап қалмаймыз, әрі қарай операциялық тиімділікті одан әрі арттыру және клиенттерімізге көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін мобильді активтерді біріктіру жұмысын жалғастырамыз», - дейді Қуанышбек Есекеев.

Қазақстандағы 5G желісі

Біраздан бері «Қазақтелеком» 5G технологиясының мүмкіндіктерін зерттеу жұмысын жалғастырды. Желі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы облысының қалаларында дала жағдайында 10 тестілеуден өтті.

Сонымен қатар, өткен жылдарда 5G технологиясы Tele2/Altel желісінде 3,5 ГГц радиожилік диапазонында Халықаралық IT-стартаптар технопаркі аумағында қолжетімді болды.

5G сипаттамалары жақсартылған келесі буындағы байланыс түрі ғана емес, радиобайланыс технологиялары, желілер архитектурасы және бизнес жүргізу саласындағы эволюция болып отыр.

Алайда, әлеуметтік желілерде коронавирус инфекциясының 5G сигналы арқылы таралатынына қатысты жаңсақ қауесет тарап жүргені белгілі.

5G желілері мен COVID-19 байланысы ДДСҰ сайтында жоққа шығарылған болатын. Вирустар радиосигналдармен немесе ұялы байланыс толқындарымен таралмайды.

Биыл жаз кезінде «Қазақтелеком» АҚ басқарма басшысы Қуанышбек Есекеев 5G жоғары жылдамдықты интернетті енгізу процесіне қатысты түсінік берген еді.

«Қазіргі кезде елімізде смартфондарда пайдаланылып жүрген 4G технологиясы кеңінен тараған. Енді 5G іске қосылатын жиілік спекторы бойынша жұмыстар атқарылуда. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте тестілік аумақтарды қойдық. Тестілеу нәтижесі интернеттің жақсы нәтижесін көрсетті», - дейді Қ. Есекеев.

Осы орайда ол жаңа технологияны дамытуда байланыс операторлары өзінің қаржысын салатынын жеткізді.

Сонымен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G желісі 2022 жылы іске қосылады. Ал облыс орталықтарында 2025 жылға дейін жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар