Коронавирусқа қарсы вакцина бағасы, екінші толқынға дайындық – Министрліктің апталық жұмысына шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, халықты толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді. ҚазАқпарат агенттігі министрліктің апталық қорытындысына шолу ұсынады.

Ең алдымен, ресми өкіл коронавирус жұқтыру бойынша статистикалық деректерді келтірді.

«11 қыркүйектегі мәлімет бойынша елімізде COVID-19-ға шалдыққандардың жалпы саны 106 661-ге жетті. Оның ішінде жазылып шығу көрсеткіші 94,1 пайызды құрады немесе 100 409 адамға жетті. Соңғы бір тәулікте 161 адам індеттен айықты. Қайтыс болғандардың жалпы саны 1 656-ға жетті», - деді Б. Қожахметов.

Қазіргі уақытта 4 596 адам ем қабылдауды жалғастыруда, оның ішінде 34 бала бар. Соңғы бір тәулікте елімізді COVID-19-ды 77 адам жұқтырған.

Ал Шымкент қаласында соңғы бір тәулікте коронавирус жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмеген.

«Соңғы бір тәулікте Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ. Яғни, бұл қаладан короноавирус жұқтырған науқас табылмады. Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында бір оқиғадан ғана тіркелді. Бұл бізді қуантпай қоймайды. Бұл осы өңірлердегі тұрғындардың қауіпсіздік шаралары мен санитарлық талаптарды сақтағанын, бір-біріне құрметпен қарағанын білдіреді. Және осы тұрғындар еліміздің өзге де аймақтарына үлгі болады деп үміттенеміз», - деді ресми өкіл.

Елімізде коронавирустың болуы ықтимал жаңа толқынына дайындық қызу жүріп жатыр.

«Қазақстандағы медициналық мекемелер бір мезетте 70 мың төсек-орын дайындауға қауқарлы. Оның ішінде үш мыңға тарта жансақтау бөлімі болады. Қазіргі уақытта елімізде 19 066 инфекциялық төсек-орын бар, оның қазіргі жүтемесі 15 пайызды құрап отыр. Инфекциялық және провизорлық орталықтарда өкпені жасанды желдетуге арналған 3 379 аппарат бар, қосымша 2619 дана сатып алынуда», - деді Б. Қожахметов.

Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша емдеуге арналған 21 566 орын оттегімен қамтылған және ай соңына дейін қосымша 9300 орынды қамтамасыз ету жоспарда бар. Сондай-ақ жыл соңына дейін жедел жәрдем қызметі Қазақстанда шығарылған 1 167 автокөлікпен жабдықталады. Шалғайдағы ауылдар үшін 100 медициналық кешен сатып алынады.

Сондай-ақ 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында халықты медициналық-санитарлық көмек беретін ұйымдарға өз еркімен тіркеу өтеді.

«Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап халықты медициналық-санитарлық көмек беретін ұйымдарға тіркеу басталды. Ол екі айға созылады. Емханалардың денсаулық сақтау жүйесіне енудің алтын қақпасы екенін білесіздер. Сондықтан, алдағы екі айда азаматтарымыз тұрғылықты жері бойынша емханаларды таңдай алады. Мейлінше, емхананы тұрғылықты жерге жақын маңнан таңдауға кеңес береміз. Неге десеңіз, емханаға тіркелген науқастарды медицина мамандары үнемі қадағалап, тіпті үйіне барып көмек көрсетуге ыңғайлы болады. Әсіресе, бұл тәжірибе қазіргідей пандемия жағдайында аса маңызды. Тіркеу науқанынан кейін азаматтар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қызмет алады және ол үшін Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға ақы төлейді. Биыл да бұл азаматтар тіркелген емханаларында қор есебінен емделе алады», - деді Б. Қожахметов.

Сонымен бірге, спикер демалыс күндеріндегі карантиндік шектеулер қашан алынатынын түсіндірді.

«Шектеулердің алынуы тек қана қазіргі эпидемиялық жағдайға байланысты. Қазір ауруханаларда 4 600 адам емделіп жатыр. Егер науқастар саны төмендесе, сенбі-жексенбідегі шектеулер алынады. Бірақ, бұл көрсеткіштер өсетін болса, сенбі-жексенбідегі шектеулер басқа күндерге де созылуы мүмкін. Егер де Қазақстанда бір тәулікте барлық инфекциялық ауруханаларда 30 мың науқас тіркелсе, сол күні арнайы комиссия шешім қабылдап, Қазақстанда локдаун немесе карантин енгізеді», - деді Бағдат Қожахметов.

Брифингте Бағдат Қожахметов коронавирус жұқтырған 576 адамның қандай ілеспе аурулардан қайтыс болғанын мәлім етті.

«Елімізде 576 адам коронавирус инфекциясына шалдығып, ілеспе диагноздан қайтыс болған. КВИ науқастарында ең жиі кездесетін ілеспе патология – тыныс алу органдарының аурулары, яғни 52,4 пайыз. Қан айналымы жүйесі ауруларынан 29 пайыз, ісіктерден – 4 пайыз адам қайтыс болған және қалған 14,6 пайызы басқа патологиялардан көз жұмды», - деді ол.

Бұдан бөлек, министрлік өкілі коронавируспен күреске бөлінген қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны туралы тілші сұрағына жауап берді.

Ресми өкіл коронавирусқа қарсы вакцинаның бағасы шамамен қай сомада болатынын айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, коронавирусқа қарсы вакцина әлі дайын емес. Оған әлі бірталай уақыт бар. Сәйкесінше, бұл вакцинаның бағасы қандай болатыны белгісіз», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, болжамдар бойынша вакцина құны тұмауға қарсы екпенің бағасымен бірдей болуы мүмкін. Қазақстанда тұмауға қарсы егілу 2200 - 4500 теңге аралығында тұрады.

«Коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның таралуына қарсы күрес шараларын жүргізуге жалпы 102,8 млрд теңге қарастырылған. Наурыз-шілде айларында оның 76 млрд теңгесі төленді. Оның ішінде 57 млрд теңге – медициналық қызметкерлерге үстемеақы ретінде төленді. Карантиндік, провизорлық госпитализация мен коронавирус инфекциясын емдеуге 16,1 млрд теңге жұмсалды. Елімізге ПТР сынақтарын сатып алуға осы қаражаттан 2,9 млрд теңге бөлінді. Және қазіргі уақытта Қазақстанда үш мыңнан астам медициналық бригадалар қызмет көрсетуде, оларға 24 млн теңге жұмсалды», - деді Б. Қожахметов.

Атап өтілгендей, Қазақстанда коронавирус инфекциясын екінші рет жұқтыру оқиғасы тіркелген жоқ.

«Қазақстанда коронавирус инфекциясын екінші рет жұқтырған бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Ондай ақпарат бізге келіп түспеді», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2 млн 600 мың ПТР тестілеу жүргізілген. Оның әр 26-шысы коронавирус инфекциясы бар деген нәтиже көрсеткен. Қазіргі уақытта Республика бойынша күніне 40 мың тестілеу жасау мүмкіндігі бар. Жыл соңына дейін оның саны 64 мыңға дейін көбейеді.

«Қазақстан Республикасының кез келген азаматы коронавирус инфекциясын жұқтырып алдым деп күдіктенсе, 103 телефонына хабарласа алады. Немесе өзі тіркелген емханаға барып, өз дәрігеріне қауіп туралы айтса, оның ПТР сынағын тегін тапсыру мүмкіндігі бар», - деді Б. Қожахметов.

Мәлім болғандай, қазақстандық вакцинаны сынақ ретінде салдыратын 627 еріктіге ешқандай ақы төленбейді.

«Екпе салдыратын еріктілерге ешқандай ақы немесе басқа да материалдық сыйлықтар берілмейді. Тек қана мемлекет тарапынан олардың өмірі мен денсаулығы сақтандырылады. Егер екпе салған ерікті ауырып қалса немесе денсаулығына басқа да зиян тиіп жатса, сақтандыру арқылы медициналық көмек ала алады. Еріктілер тізімін бекіту жөніндегі сұрақты Білім және ғылым министрлігінің комитетіне жолдау керек. Ал жалпы неғұрлым көп адам клиникалық тексеруден өтсе, соғұрлым вакцинаның сапасы ертерек белгілі болады», - деп жауап берді ресми өкіл тілші сұрағына.

Брифинг соңында Бағдат Қожахметов ауылдарда дәрі тапшылығы болмайтынына сөз берді.

«Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылдық жерде өмір сүреді. Ауылға біз өте биік дәрежеде назар аударамыз. Жаңа толқынға (коронавирус індетінің - ред.) жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды. Халық арасында сұранысқа ие 44 түрлі дәрі-дәрмек дайындалды. Республикаға шақталған дәрі-дәрмек қорынан ауылдағы ағайын да қағылмайды деп сөз бере аламын. Жетіспеушілік байқалса, міндетті түрде министрлікке сол ақпаратты жеткізіңіздер. Ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелер жағдайы тексеріліп жатыр. Сондықтан, ауылдарда дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды деп сенемін», - деді ол.




Соңғы жаңалықтар