Коронавирусқа қарсы вакцина еркекті белсіздіктен қорғайды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осыдан екі күн бұрын еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы күшіне еніп, онда коронавирус инфекциясына қарсы салынатын вакцинаның 1 және 2 компоненттерін егу аралығы 21 күннен 45 күнге дейін ұзартылған болатын. Дәл осы мәселе бүгін Experts Hub Kazakhstan жобасы сарапшыларының қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында қозғалып, медицина мамандарының пікірі екіге жарылды.

Айта кетерлігі, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, бұл өзгеріс 2021 жылғы 21 сәуірден бастап «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының бірінші компонентін алған адамдарға енгізіліп отыр. Яғни, енді ел тұрғындары ең алдымен 0,5 мл дозада I компонентпен, содан кейін вакцинация күнін есептемегенде 45 күннен кейін 0,5 мл дозада II компонентпен егіледі. Бұл ретте 45-ші күнге II компонентпен вакцинация жүргізу мүмкін болмаған жағдайда (демалыс, мереке күндеріне сәйкес келу, басқа елді мекенге шығу және басқалар) вакцинацияны 90 күн ішінде алуға болады.

Вакцина дозаларының аралығын ұзартқан жөн бе?

Міне, дәл осы мәселеге қатысты дәрігерлердің пікірі бір-біріне қарама-қайшы келіп қалды. Алдымен Medsupportkz жобасының өкілі, медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Кәукенова коронавирусқа қарсы вакцинаның 1 және 2 компонентін егу аралығын ұзартуға қарсы екенін ашық білдірді.

«Біз ұстанымызды білдірдік және Бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысына қарсымыз. Қарсы болуымыздың себебі, ең алдымен 45 күн деген мән еш жерде, ешбір мәлімдемеде жоқ. Гамалея атындағы орталық директоры Гинцбургтің хатында аралықтың 21 күннен 90 күнге дейін ұлғайтылуы мүмкін екені көрсетілген. Яғни, адамдардың таңдауы бар деген сөз. Егер олар үлгермесе, бір жаққа кетіп қалса, онда вакцинацияны кейінге қалдыра алады. Бірінші компонент егілгеннен кейін екінші компонентті 45 күнде егу туралы шешім адамдарды ұзақ уақыт бойы қорғаныссыз қалдырады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бірінші дозаны алғаннан кейін 2 апта өткен соң адам ағзасында иммунитеттің жеткілікті қорғанысы пайда болады.

«Бірінші мен екінші дозаның арасында 45 күн күтуге тура келеді. Бұған қоса, жеткілікті қорғаныс алу үшін тағы екі аптаны қосыңыз. Бірінші дозадан кейін ауырып қалғандардың санын ескеретін болсақ, мұның барлығы адамдардың вакцинация бағдарламасына деген сенімін жоғалтады», - деді Ботагөз Кәукенова.

Сондықтан ол адамдарға бірінші дозаны алғаннан кейін 21-ші күнде немесе кейінірек екінші дозаны алу мүмкіндігін беру қажеттігін айтады.

Ал медицина ғылымдарының докторы Ләззат Ералиева мұндай пікірмен келіспей, екі доза аралығын 90 күнге созудың еш қаупі жоқ екеніне назар аудартады.

«Антидене деңгейі уақыт өте арта түседі. 21 күннен кейін 1 деңгей, бір айдан соң басқа деңгей болады. Аралықты 90 күнге дейін созудың еш қорқынышы жоқ. Сіз қорғаныста боласыз, өйткені бірінші вакцинаны алдыңыз. Сізде бірінші дозадан кейін қалыптасқан антидененің жеткілікті деңгейі болады. Содан кейін 90 күннің ішінде екінші дозаны аласыз», - деді Ләззат Ералиева.

QazVac пен Hayat-Vax: Айырмашылығы неде?

Бүгінде елімізде коронавирус инфекциясына қарсы тұрғындарға үш вакцина, атап айтқанда ресейлік Sputnik V, отандық QazVac және Қытайдың «Sinopharm» компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірген Hayat-Vax вакциналары егіліп жатыр. Бұл вакциналардың ешқайсы да клиникалық сынақтың 3-сатысынан толық өткен емес. Мәселен, Ресей вакцинасы сынақтың 3-сатысынан осы айдың соңында, ал отандық вакцина маусым айының ішінде толықтай өтетіні белгілі. Дегенмен, бұл вакциналар клиникалық сынақтың 1 және 2-сатысында және 3-сатының 50 пайызында жақсы нәтиже көрсетіп, адамдарға медициналық мақсатта егуге рұқсат берілген. Ал осы күнге дейін елімізде жоғарыдағы үш вакцинамен 1 486 543 адам егілді. Бұл орайда ресейлік және отандық вакцинаның адам ағзасына еш зияны жоқтығын, коронавирустан қорғауға қабілетті екенін еліміздің медицина мамандары сан-мәрте айтқан болатын. Сондықтан да болар бүгінгі іс-шара барысында дәл осы Hayat-Vax вакцинасының қауіпсізігіне, тиімділігіне баса назар аударылды.

Медицина ғылымдарының докторы Ләззат Ералиева COVID-19-ға қарсы қазақстандық және қытайлық вакциналардың бір-бірінен айта қоярлықтай айырмашылық жоқ екенін айтады.

«Жалпы, вакциналарды бірдей деуге болады. Екеуі де инактивтелген вакцина саналады. Олардың құрамында SARS-CoV-2 вирусының өлтірілген штаммы бар. Құрамы да, адъюванттарының, белсенді заттарының болуы да бірдей. Жалғыз айырмашылығы, айталық, қазақстандық вакцинаның сақтау мерзімі 6 ай, ал қытай вакцинасын 12 ай сақтауға болады», - деді Ләззат Ералиева.

Оның атап өтуінше, екі вакцинаның техникалық детальдарында да болмашы айырмашылық бар.

«Яғни, аздаған ғана техникалық деталында өзгешелік бар. Ал көрсетілімі, қарсы көрсетілімі бірдей деуге болады. Тиімділігіне қатысты айтар болсақ, отандық ғалымдардың мәлімдемелеріне сәйкес, қазақстандық вакцинаның тиімділігі 90 пайызды құрайды. Дегенмен, қытайлық вакцинаның тиімділігі де осы шамада», - деді ол.

Вакцина еркекті белсіздіктен қорғайды

Коронавирус індеті таралған сәттен-ақ елімізде вирустың еркекті белсіздікке ұшырататыны туралы ақпарат желдей ескені белгілі. Мұның жел сөз емес екені де бүгінде дәлелденіп отыр. Мәселен, уролог-андролог Джевдет Карамамуд-Оглы коронавирус инфекциясы ер адамдардың қозу әрекетсіздігінің дамуына себеп болуы мүмкін екеніне қатысты зерттеулердің бар екенін айтады.

«Қозу әрекетсіздігіне алып келуі мүмкін факторлар спекторы барынша ауқымды. Оның барлығы коронавирус инфекциясын бастан кешіргеннен кейін орын алады», - дейді уролог.

Оның түсіндіруінше, қозу әрекетсіздігінің басталуына коронавирус инфекциясын бастан кешіргеннен кейінгі күйзеліс, гипоксияның ұзаққа созылатын ықпалы, гемодинамиканың бұзылуы, жүрек-қан тамыры жүйесі жұмысының нашарлауы себеп болады.

«Сондықтан осындай жайт орын алуы мүмкін. Ал вакцинация ер адамның денсаулығын қорғаудың бір тәсілі саналады», - деді Джевдет Карамамуд-Оглы.

Бір қызығы, вирусқа қарсы вакцина әзірленгеннен кейін де мұндай алып-қашпа әңгіме тыйылған емес. Енді жұрт арасында коронавирусқа қарсы вакцина салдырған ер адамдардың белсіздікке душар болатыны туралы қауесет тарап кетті. Мұның да негізсіз дақпырт екенін Ләззат Ералиева айтқан болатын.

«Кез келген вакцина қолданысқа енгізілмей тұрып, терең зерттеледі. Мәселен, Спутник V вакцинасы қазақстандық екпе секілді репродуктивті функцияға еш әсер етпейді. Егер QazCovid-in вакцинасы туралы айтар болсақ, жалпы мұндай вакцинаның бәрі де 80 жылдан бері пайдаланылып келеді. Осылайша, тұмау немесе басқа да ауруларға қарсы вакциналар белгілі бір дәрежеде жыныстық функцияға әсер етуі мүмкін. Бірақ олар да, коронавирусқа қарсы вакцина да белсіздікке ұшыратпайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар