Коронавирусқа қарсы вакцина қашан дайын болады – вирусологпен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде әлемді шарпыған коронавирус індеті тұтас қоғамды алаңдатып отыр. Осыған байланысты кейбір мәселелерге тұщымды жауап алу үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Микробиология және вирусология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Толқын Бегадилованы әңгімеге тартқан едік.

- Толқын Сембайқызы, көпшілік мамандар коронавирус басқа вирустарға ұқсамайды деген пікірде. Бұл қаншалық анық жайт? Басқа вирустардан оның айырмашылығы неде?

- Коронавирус басқа да респираторлы вирустар сияқты жоғары тыныс алу жолдарының қабынуын туғызады және өкпенің қабынуы түріндегі ауыр респираторлық синдромдардың да дамуы мүмкін. Осы орайда ең бастысы, тұмау мен коронавирустың айырмашылығын айту қажет сияқты. Екеуі де респираторлы инфекциялар тобына жатады. Бірақ қоздырғышқа және оның таралуына байланысты маңызды айырмашылықтары бар. Тыныс алу жолдарының қабынуына әкелетін басқа вирустардан коронавирустың айырмашылығына тоқталсам, маңызды ерекшелікке ең алдымен инфекциялардың жұғу жылдамдығын жатқызуға болады. Жасырын кезеңінің орташа ұзақтығы (жұқтырғаннан кейін алғашқы көріністердің пайда болуына дейінгі кезең) және генерациялану уақыты (бір адам мен басқаға жұқтырудың арасындағы уақыт) тұмау кезінде қысқа болады. Зерттеулердің нәтижесі бойынша COVID-19 кезінде генерациялану уақыты 5-6-дан - 14 күнге дейін, ал тұмау кезінде ол 1-3 күнді құрайды. Бұл тұмаудың COVID-19-пен салыстырғанда жылдам тарайтынын көрсетеді.

Екіншіден, тұмаудың тарауындағы басты элемент – инфекция бастапқы 3-5 күнде және аурудың бастапқы көріністері басталмай тұрып-ақ, таралуы мүмкін. Бірақ басқа да мәліметтерге қарағанда, COVID-19-пен науқастанғандардан вирустың бөлінуі 24-48 сағатта байқалған.

Үшіншіден, репродуктивтік сан, яғни бір науқастың жұқтыру мүмкіндігінің саны. Соңғы мәліметтер бойынша, COVID‑19 кезінде 2-ден 4-ке дейінгі диапазонды көрсетеді, ол тұмаудан жоғары. Алайда бұл орайда уақыт, орны сынды басқа да факторлар ескерілуі тиіс. Сондықтан коронавирус пен басқа да вирустардың таралуын салыстыру орынсыз.

Төртіншіден, адамның жас ерекшелігі. Соңғы мәліметтер бойынша, COVID‑19 кезінде балалар ересектермен салыстырғанда анағұрлым аз жұқтырады. Ал басқа вирустарда жасқа қатысты айтарлықтай ерекшеліктер жоқ.

Бесіншіден, аурудың ағымы тұмауға қарағанда COVID‑19 кезінде ауыр және өте ауыр болады.

Алтыншыдан, қауіп-қатер топтары: COVID‑19 кезінде 1-топқа қарт адамдар және қосымша аурулары бар адамдар (қант диабеті, жүрек-қантамырлар жүйесінің аурулары, онкология және т.б.) жатқызылса, тұмау кезінде ең алдымен балалар, жүкті әйелдер, қарттар, созылмалы аурулары бар және инфекциялық иммундытапшылық жағдайдағы адамдарды жатқызады.

Жетінші - өлім-жітім: дүниежүзі бойынша COVID‑19-дан өлім-жітімнің пайыздық деңгейі 3-4 пайыз болып отыр. Ал өзге инфекциялық өлім-жітім көрсеткіші (инфекциялық ауруларға жатқызылған адамдардың арасындағы өлім көрсеткіші) одан төмен. Мезгілдік тұмау кезіндегі өлім-жітім 0,1 пайызға дейін және вакцина еккен адамдар мен медициналық көмектің үлесіне де байланысты болады.

Сегізінші, профилактика: мезгілдік тұмаудың алдын алу үшін мемлекеттерде дайындалатын және жеткілікті түрде шығарылатын, жылда жасалатын вакцина егіледі. Ал COVID -19-дың алдын алуға бағытталған бүгінгі күні рұқсат етілген вакциналар мен дәрілік заттар жоқ. Басқа респираторлық вирустарға қарсы вакцинамен алдын алу шаралары ұйымдастырылмаған. Бірақ олар айтарлықтай қауіп туғызбайды.

- Елімізде бастапқы кезде осы індеттен қаза тапқан адамдарды бөлек зиратқа жерлейтін. Кейін бұл талап алынып тасталды. Мұндай шешімдердің қабылдануына не түрткі болды? Қайтыс болған адамнан вирус жұғуы мүмкін бе?

- Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамның мәйітін көму ережесі мен алгоритмі нақты жазылған. Коронавирустардың 4 түрі ЖРВИ/ОРВИ тобына жатқызылғаны мәлім. Кез келген басқа вирустар сияқты олар да мутацияға қабілетті. Жылдам эволюциялануына байланысты вирустың патогендігі өзгеруі мүмкін.

Жаңа коронавирус 2019-nCoV бір жіпшелі РНҚ-лы вирус, Coronaviridae тұқымдасының, Beta-CoV B тізбегіне жатады. Патогенділіктің II тобына жатқызылған. ДСҰ мәлімдеуі бойынша, коронавирус сыртқы орта факторларына сезімтал, 57 градустан жоғары температурада қыздырғанда, спиртпен, дезинфекциялаушы заттармен тез жойылады. Аталған топтың микроорганизмдерімен ауырып қайтыс болған адамдарды арнайы орындарға жерлеу қарастырылған. Бірақ вирус жасуша ішілік паразит, яғни оның тіршілік етуіне және көбеюіне тірі жасушалар, тірі ағза қажет болады. Сондықтан өлген адамның денесі арқылы вирус таралмайды. Яғни алгоритм бойынша жерлеу барысында залалсыздандырғыш ерітіндімен өңделген матамен оралады, ол ортада вирус тез өледі. Ал, бактериалды инфекциялардың ішінде І-патогенділік тобына жататын күйдіргі (сибирская язва) қоздырғышының таралуы күшті, спора түзіп сақталатын болғандықтан және спора күйінде 50 жылдан астам уақыт тіршілігін сақтайтын болғандықтан, арнайы көму орындарында қатаң талаптармен жерленеді және қауіпті зона белгісімен қоршалып тасталады. Сондықтан коронавируспен ауырып, қайтыс болған адамдарды арнайы көму алгоритміне сәйкес, жалпы қолжетімді жерлеу орындарында көмуге болады.

- Сіздің ойыңызша, коронавирусқа қарсы вакцина қашан шығуы мүмкін?

- Бүгінгі күні COVID-19 штамының вакцинасы табылмаған. Бірақ бүкіл әлем болып тәжірибелік зерттеулер жасауда: ДСҰ мәліметі бойынша 111 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да бар. 17 вакцина дайындалған клиникалық зерттеулер кезеңінде 132 вакцина клиника алды зерттеу кезеңінде жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта алғы шепте Қытай, Ресей, АҚШ және Германия елдері тұр. Қытайдың өзінде бес бірдей вакцина жасалып, адамдарға клиникалық зерттеулер жүргізілген, нәтижесінде вакцинаның адам денсаулығына қауіпсіз және әсерлі екені дәлелденген.

Қазіргі уақытта олар БАӘ-де сынақтың соңғы кезеңін өткізуге рұқсат алды. Қытайдан басқа, Гамалеи атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығының ресейлік ғалымдары клиникалық сынақтардан сәтті өткені туралы жариялады. Pfizer фарминдустриясында әлемдік көшбасшысымен ынтымақтастықтағы Biotech неміс компаниясының басшысы вакцинаның осы жылдың желтоқсан айына қарай дайын болады деген пікірде. Бірақ бірнеше компания вакцинаны шығарғанның өзінде жеткілікті иммунитет қалыптасу үшін оншақты жыл уақыт қажет деген үрей бар екенін айтады. Вирусты жеңу үшін жер жүзіндегі адамдардың 90 пайызында коронавирус инфекциясына қарсы иммунитеті болуы керек.

Нақты дайын вакцина 2021 жылдың соңына таман шығып қалуы мүмкін, ерте дайын болмайды. Өйткені бұл вакцинаны жасаумен, қорғау қабілеті мен қандай мерзімге әсерін зерттеумен ғана емес, сондай-ақ өндіруші елдердің өндірістік мүмкіндіктері және әлеуетімен де байланысты болады. Қазірдің өзінде барлық елдер үшін вакциналардың қолжетімділігі, вакциналау топтары және тағы да өзге мәселелер талқылануда.

- Жалпы, адамдар коронавирус жайлы нені білуі шарт?

- Менің ойымша, қазіргі уақытта, ең алдымен, халық үрейді басуы қажет. Бұл өте ауыр екенін де түсінемін. Дәрігерлер мен мемлекет бізді қалыптасқан ауыр жағдайдан шығару үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Біз өзіміз, яғни әрқайсымыз оларға көмектесуіміз керек.

Коронавируспен күрестегі басты шара - әркімнің өзіне және қоршаған ортаға деген жауапкершілігі. Ең алдымен барлық алдын алу шараларын сақтау (жоғары қауіпті орындар, лифт түймелері, сүйеніштер, есік тұтқалары, су қоймалары, бассейндер және т. б.), маска-қолғаптар, санитайзерлер, қашықтықты сақтау) қажет. Өйткені бұл шаралар қарапайым болып көрінсе де, олардың тиімді екенін түсіну керек!

Бұл жағдайда санитариялық-ағарту жұмысы туралы мәселені қолға алу қажеттігі туындайды. Яғни, адамдар маска тағу ережелерін, еңбекке жарамсыздық парағын (онлайн) қалай рәсімдеуге болатынын, өз-өзін оқшаулауда болса, туыстарымен және жақындарымен қалай байланысуға болатынын, үй жағдайында науқасқа қандай және қалай көмек көрсету керектігін, ауру жұқтырып алмас үшін қандай сақтық шараларын сақтау керектігін білулері тиіс.

- Сұқбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар