14:58, 31 Наурыз 2020 | GMT +6
Коронавирусқа шалдыққан тенор Пласидо Доминго өзін жақсы сезіне бастады
МЕХИКО. ҚазАқпарат - Коронавирус жұқтырған тенор Пласидо Доминго дүйсенбі күні үйде екенін және өзін жақсы сезіне бастағанын хабарлады. Бұған дейін БАҚ-та 79 жастағы опера әншісінің ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат шыққан. Оның қызуы көтеріліп, жөтел болған. 22 наурызда коронавирусқа алынған тест оң болып шыққан, деп хабарлайды Associated Press-ке сілтеме жасаған ҚазАқпарат.
Дүйсенбі күні Доминго «ең алғашқы белгілерге дейін мен әдеттегідей жасыма сай ауруларды есепке ала отырып, дәрігерлердің қадағалауында болдым» деп жазды.
Сондай-ақ, ол барлық адамдарды үйде отыруға шақырды. Коронавирус көп жағдайда екі-үш аптадан соң басылатын жөтел және қалтырау сияқты жеңіл әрі бірқалыпты белгілер танытады. Ал кейбір адамдарда, әсіресе егде жастағы адамдарда вирус пневмония сияқты ауыр сырқатқа, тіпті өлімге дейін апаруы мүмкін.