Коронавируспен күрес: Карантин өзгерістері мен бас мемлекеттік санитар дәрігерді тағайындау

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің қатысуымен елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты дәстүрлі баспасөз мәслихаты өтті. Онда мамандар ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына қатысты түсінік берді.

Құжатқа сәйкес тиісті жеңілдіктер енгізілді. Балалар кабинеттерінде, түзету орталықтарында білім беру топтары 5-тен 15 адамға дейін ұлғайтылды. Мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда және өзге де ұйымдарда, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінде қызметкерлердің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс істеу нысанында болуы тиіс.

Бұдан бөлек, ашық ауада және ұжымдық іс-шараларды өткізбей, залда 50-ден аспайтын орын санымен қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат берілді.

ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова демалыс күндері жұмысы шектелген және рұқсат етілген нысандар туралы айтты.

«Демалыс және мереке күндеріндегі шектеу шараларына тоқталсақ, сауда үйлері, сауда ойын-сауық орталықтарының жұмысын тоқтата тұру бұрынғысынша сақталады. Одан басқа, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарларының жұмысын тоқтата тұру бойынша шектеу шаралары да сақталады», - деді Р. Қожапова.

Сонымен қатар ол демалыс және мереке күндері жұмысы рұқсат етілген нысандарға тоқталды. Осы орайда сұлулық салондарына, шаштараздарға, косметология қызметін көрсететін нысандарға, фитнес және спорттық сауықтыру орындарына, бассейндерге, тренажер залдарына, спорт кешендеріне, сауналарға қатысты шектеулер алынды. Мұнымен қоса, діни нысандарға жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Айта кетейік, елдердің санаты және әуе рейстерімен келетін жолаушыларға қатысты түсінік берілді.

«Әуе рейстері бойынша өзгерістер енгізілді. Енді бірінші санатқа 12 ел енгізілді. Олардың қатарында ҚХР, Таиланд, Моңғолия, Малайзия, Мысыр, Гонконг, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Германия, Беларусь, Әзербайжан бар. Осы елдерден келген жолаушылар термометрия мен сауалнамадан өтеді», - деді Р. Қожапова.

Екінші санатқа 21 ел енгізілді. Осы елдерден сапарлап келгендер термометрия мен анкеталаудан бөлек, ПТР әдісімен зертханалық тексерудің теріс нәтижесі бар COVID-19-ға тексерілгені туралы анықтама ұсынуы керек.

Адамдарға коронавирустың қайта жұғуы тіркелмеді

«Қазақстанда коронавирус инфекциясын қайта жұқтыру жағдайлары тіркелмеді. Бұл жаңа инфекция болғандықтан, оның қайтадан жұғуы мүмкіндігі туралы нақты айта алмаймыз. Өкінішке қарай, бұл сұраққа ешбір елде нақты жауап берілмей отыр. Осы орайда коронавируспен ауырған адам ұзақ бақылауда болған кезде ғана анықталуы ықтимал», - деп түсіндірді Р. Қожапова.

Министрлік өкілдері күндізгі дәстүрлі оқыту тәртібіне қатысты қазір нақты жауап айта алмайтындарын жеткізді. Маусым айында барлық шектеулер алынған кезде індетке шалдығу деңгейі өскенін жақсы білеміз. Осы орайда күн сайын індетке қатысты ахуалға мониторинг жасалуда.

Айта кетейік, мектептердегі кезекші сыныптарда балалар арасында індет жұқтыру жағдайы тіркелмеген.

«Оқу жылы басталғалы мұғалімдер мен оқушылар арасында індеттің таралуы байқалмады. Екінші тоқсанда оқытудың қашықтан болуы мүмкіндігіне қатысты нақты айта алмаймыз. Бұл жайында оқу жылының екінші тоқсаны жақындаған кезде ғана шешеміз», - деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Кавасакиге ұқсас синдроммен ауырған балалардың саны Қазақстан бойынша 35-ке жеткенін айтты.

«Ал, соңғы 7 күннің ішінде бірде-бірде бір балада Кавасаки синдромы анықталған жоқ. 35 баланың 31-і аман-есен емделіп, үйлеріне қайтты. Қалған 4 бала қазіргі уақытта ем алып жатыр», - деді ресми өкіл.

Емделіп шыққан 31 бала учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынған.

Алексей Цойдың ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетіндегі төрағалығы

Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 70-сессиясының төрағасы болып сайланды.

«Алексей Цойдың төраға болып сайлануына тоқталсақ, ол жоғары мәртебе болып саналады. Дауыс беру тәртібі құпия өтті. Бұл өз кезегінде министрдің Еуропа мен Азия өңіріндегі әріптестері арасында айтарлықтай жоғары беделге ие екенін білдіреді... Қазақстан емдеудің жаңа әдістерінің көзі болуы мүмкін, сондай-ақ медицина саласында инновациялық шешімдердің алдына шығуы ықтимал», - деді ресми өкіл.

Сонымен қатар ол елімізде халықаралық деңгейдегі түрлі кеңестер мен кездесулер өтетінін атап өтті.

Мұнымен қоса Б. Қожахметов елімізде ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері неге ауысқанын түсіндірді.

«Бұл қадам Бас санитар дәрігерінің мәртебесін көтеру мақсатында жасалғанын атап өткен жөн. Өздеріңіз білесіздер, енді Бас санитар дәрігер вице-министр лауазымын да қоса атқарады. Осы шаралар бұл салаға ерекше назар аударуға және Қазақстанда санитарлар мен эпидемиологтардың жұмысын жақсартуға ықпал етеді», - деді ол.

Айта кетейік, осы аптада ҚР Үкіметінің қаулысымен Ерлан Аңсағанұлы Қиясов ҚР денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері лауазымына тағайындалды. h

Бұған дейін аталған Бас мемлекеттік санитар дәрігері қызметін Айжан Есмағамбетова атқарған еді.


Соңғы жаңалықтар