Коронавирусты қайта жұқтыру: Денсаулық сақтау министрлігі салыстырмалы тексеру жүргізуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясын қайта жұқтыру деректеріне байланысты еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі салыстырмалы тексеру жүргізіп жатыр.

Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де бүгінде тіпті әдебиеттердің өзінде қайта жұқтыру жағдайларының орын алуы мүмкін екендігі туралы мәліметтер пайда бола бастады. Бұл коронавирустың жаңа мутацияға ұшыраған түрлерінің айналымға түсуімен байланысты болуы ықтимал. Қазіргі уақытта симптомды немесе симптомсыз жағдайлардың қайталану саны қанша, осы аурулар арасындағы интервал қандай екендігін түсіну үшін ақпараттық жүйемен салыстырып тексеру жүргізіп жатырмыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, салыстырып тексерудің нәтижесін коронавирустың қайта жұқтыру мүмкіндігі туралы нақты дерек пайда болады.

«Медициналық әдебиеттерге сәйкес, үш айға дейін оң нәтиже беруі мүмкін вирус жарықшақтары болуы да ықтимал. Тірі вирус болмағанымен өте сезімтал ПТР тестілеу вирус тұқымның кішкентай учаскесін анықтауы мүмкін. Сондықтан да салыстырып тексеру жүргізіліп жатыр», - деді комитет төрағасы.


Соңғы жаңалықтар