Коронавирустың жаңа толқынында еліміздің еңбек нарығындағы ахуал қандай болмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемді жайлаған коронавирус індеті жер жаһандағы барлық мемлекеттің экономикасына үлкен зардабын тигізіп отыр. Сондықтан да бүкіл ел қиындыққа тап болған халқының әлеуметтік жағдайын қалай жақсартып, жаңа жұмыс орындарын қалай құрамыз деп бас қатыруда. Қазақстанда мұндай теріс салдардан тысқары қалып отырған жоқ.

Індет кесірінен халықтың табысы төмендеп, жұмыссыздар қатары артты. Еліміздің туризм мен қонақүй бизнесі, көлік, автомобиль, тұтыну салалары тұралады. Экономиканың осы және өзге де салаларының тамырына қан жүгірту үшін Премьер-Министр Асқар Мамин басқаратын Үкімет те біраз жұмыс атқарып жатқаны белгілі. Мәселен, осы жылдың 8 айында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Цифрлық Қазақстан» сынды мемлекеттік бағдарламалардың арқасында елімізде 238 мың жұмыс орны құрылған болатын. Алайда алда коронавирус індетінің қайта өршуі қаупі де бар. Міне осындай жағдайда халықты тұрақты жұмыспен қамту, олардың кірістерін жоғалтуына жол бермеу үшін не істеу керек? Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттардың алдында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын құру жайында есеп берген еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осы салаға қатысты біраз жайттың басын ашты.

«Еңбек» бағдарламасының нәтижесі қандай?

Бүгінгі коронавирус індеті мен оның салдарынан экономикада орын алып отырған жағдайда халықтың табысын қамтамасыз ету үшін жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі аса маңызды. Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жаңа жұмыс орындарын ашуды қолдай отырып, жұмысссыз және өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтардың еңбекпен қамтылуына жағдай жасайтын бірден-бір құжатқа айналған. Бағдарламаға 2017 жылдан бастап 2 млн-нан астам адам қатысты. 956 мың адамға бірден бос орындарға жұмысқа тұруға көмек көрсетілсе, 1 млн-нан астам адамға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ұсынылған. 395 мың адам әртүрлі оқумен қамтылып, 111 мың адам жеңілдетілген шағын несие мен гранттар арқылы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау алған. 600 мыңға жуық адам субсидияланатын жұмыс орындары арқылы жұмыспен қамтылған. 2017 жылдан бастап бағдарлама бағыттарын теңгерімді қаржыландыру жолымен 4 жылға 540 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 160 млрд теңгесі - жергілікті бюджеттердің үлесіне тиесілі. Биыл дағдарысқа қатысты қосымша 50 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат есебінен жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыс және грантқа арналған шығындар ұлғайған.

«Бағдарламада оны іске асыру және қаржыландыру жағынан жауапкершілік нақты бөлінгенін атап өткім келеді. Бюджеттік әкімші ретінде қаражаттың 52 пайызына біздің министрлік жауапты. Кредит беру жағынан жауапкершіліктің 25 пайызы - Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 5 пайызы - Ұлттық экономика министрлігіне жүктеледі. 13 пайызы - Білім және ғылым министрлігіне және 5 пайызы - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тиесілі», - деді Біржан Нұрымбетов.

Бағдарламаның алғашқы толық үш жылында тұрақты жұмыс орындарының саны 7 есеге артты. 153 мың тұрақты жұмыс орны шағын несиелер мен гранттар беру арқылы жаңа кәсіпкерлерді қалыптастыру есебінен қамтамасыз етілді. Жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен 7 жылға дейін 22 млн теңге несие беріле бастады. Мұнан бөлек 200 айлық есептік көрсеткіш немесе 555 мың теңге қайтарымсыз гранттар да қарастырылды.

«Грант табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелеріне, қоныс аударушыларға беріледі. Алғашқы үш жылда шағын несие алушылардың саны 2,5 есеге, қосымша құрылған жұмыс орындарының саны 5 есе артқан. Жалпы бағдарламаға қатысушылар есебінен шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамту өсімі 11 пайызды құрайды. Олардың шығарған өнімдерінің көлемі жылына 73 млрд теңге көлемінде бағаланады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Коронавирустың жаңа толқыны: жұмыссыздық белең ала ма?

Коронавирус салдарынан елімізде талай жанның жұмыссыз қалғаны белгілі. Мәселен, бұған дейін еліміздегі экономикадағы белсенді, жұмысқа қабілетті адамдар санатынан есептелінетін жұмыссыздық мөлшері жылдар бойы 4,8 пайызында тұрақты болып келген еді. Алайды осы жылдың 2-тоқсанында бұл көрсеткіш 0,2 пайызға артып, 5 пайызға шығып кетті. Мұның өзі ресми дерек. Ал Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов бұл көрсеткіштің бұдан 2 есе жоғары екенін айтады.

«Уақытша жұмыспен қамтылмаған адамдар санының ұлғаюын ескерсек, ол қосымша 536 мың адам, яғни белсенді жұмыспен қамтудан тыс қалған адамдардың үлесі 10,8 пайызды құрайды. Мұны шынайы жұмыссыздық десек те болады», - деді ол.

Бұған қоса министр COVID індетінің еңбек нарығы үшін қатері мен теріс әсері әлі де сақталып отырғанын айтады. Айталық, егер коронавирустың екінші толқыны келіп жатса және қатаң шектеу шаралары қабылданса, онда 2,2 млн-нан астам адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Дегенмен болжам бойынша жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы немесе ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау салаларында еңбек ететін 4 млн адам жұмысын сақтап қалады.

«Үштен бірі немесе 2,5 млн адам қашықтан орындалатын жұмыс режиміне ауысуы мүмкін. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұл - бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы қызметкерлер. Бағалау бойынша 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін», - деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбек нарығына қандай қатер бар? Не істеу керек?

Министрдің айтуынша, 2025 жылға қарай еліміздің еңбек нарығына шығатын жастардың жыл сайынғы ағыны 256 мың адамға дейін өседі. Осылайша жалпы еңбекке қабілетті халықтың саны 12,1 млн адамға жетеді. Сондықтан қазірден бастап тиісті шаралар қабылданбаса, онда 2022 жылдан бастап жұмыс орындарын құру өсімі халықты жұмыспен қамтуға жеткізіліксіз болады. Сөйтіп, 2025 жылға қарай жұмыс тапшылығы 87 мыңға жетуі мүмкін.

«Сол себепті алдағы кезеңде жұмыс орындарын қосымша құру қажеттілігі күрт артып отыр. Егер карантин қайта енгізіліп жатса, оның әсері жұмыскерлердің босатылуы мен табыстарының азаюына алып келуі мүмкін. Сондықтан шұғыл және жүйелі шаралар қабылдауға дайын болуымыз қажет. Оның ішінде «Жұмыспен қамту» жол картасын жалғастырып, инфрақұрылымдық жобалар арқылы жұмыс орындарын сақтау және құру шаралары, «Еңбек« бағдарламасы аясында субсидияланатын жұмыс орындарын көбейту, толық емес немесе қысқартылған жұмыспен қамтуға көшкен жағдайда ең төменгі жалақы мөлшерінде жалақының бір бөлігін өтеу немесе субсидиялау тетігін енгізу, карантин кезеңінде жұмыссыздар үшін жұмыстан айырылу бойынша төлемдерді арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуді жоспарлап отырмыз. Енгізуіміз мүмкін»,- деді Біржан Нұрымбетов.

Мұнан бөлек, Еңбек министрлігі ұзақ мерзімді әсері болатын шараларды да дайындап жатыр. Атап айтқанда, «Еңбек» бағдарламасымен сапалы жұмыс орындарын құруға, сонымен қатар ауылдық кәсіпкерлікті кепілсіз несиелеу және өнімдерін кепілмен сатып алу тетіктерін енгізу арқылы қолдау қолға алынады. Жыл сайын қазіргідей 400 мың емес, 700 мың жаңа жұмыс орнын ашылатын болады. Ол үшін жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасын жасап, оларды мемлекеттік бағдарламалардың барлық жобасына және ірі жеке инвестициялық жобаларға қоса отырып, аумақтарды дамыту бағдарламаларының компоненті ретінде енгізіледі. Бұл өз кезегінде барлық мемлекеттік бағдарламада жұмыс орындары индикаторларын өзектендіру және бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жұмыс орындарын ашуға жауапкершілігін арттыруды қажет етеді. «Статистикалық есепке қойылатын жұмыс орындарының мониторингін қамтамасыз ететін тиісті жүйе енгізу, еңбек ресурстары дағдыларын дамыту үшін қысқа мерзімді оқытуды нақты дағдыларға бағдарланатын жаңа моделін еншізу жөнінде ұсыныстар әзірлеп жатырмыз», - деді Біржан Нұрымбетов.

Жастар тәжірибесін 1 жылға ұзарту қажеттілігі бар мА?

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келе жатқан, нәтижесі тәуір бағыттың бірі – «Жастар» тәжірибесі. Дәл осы жүзеге асырыла бастаған сәттен бері еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген 115 мың түлек 6 ай бойы тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды. Тіпті тәжірибеден өткен түлектердің тең жартысы сол жұмыс орнына тұрақты орналасқаны да белгілі. Дегенмен, бүгінгі Үкімет сағатында депутат Айгүл Нұркина жастар тәжірибесін 1 жылға ұзарту қажет деген ойын білдіріп, осы мәселеге қатысты Еңбек министрі Біржан Нұрымбетовтің пікірін сұраған еді.

«Әсіресе жастар көптеп тартылған қызмет көрсету саласындағы жұмыс орындарының қысқаруы байқалады. 2-тоқсанда жастар арасындағы жұмыссыздықтың 4 пайыз болғаны белгілі. Біздің ойымызша, жастар тәжірибесінен өту мерзімін 1 жылға дейін созу мәселесін қарастыру мақсатқа сай болар еді», - деді Мәжіліс депутаты.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Еңбек министрінің айтуынша, жастар тәжірибесін 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту мәселесі бұған дейін бірнеше мәрте көтеріліп, тиісті ведомство оны тыңғылықты қарастырған. Қорыта келгенде жастар тәжірибесіне қатысты қолданыстағы тәртіпті сақтап қалу туралы шешім қабылданған.

«Әлемнің 108 елінде мұндай бар және барлығында да қысқа мерзімді, 6 айлық болып келеді. Біздің ойымызша, бұл мерзім жастардың қабілеті мен дағдысын анықтап, тұрақты жұмысқа қабылдау үшін жеткілікті. Статистикалық деректерімізге сәйкес, жыл сайын жастар тәжірибесі орташа есеппен 4,5 айды құрайды. Өйткені, жастардың жартысына жуығы тәжірибенің аяқталуын күтпестен-ақ тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алып жатады. Егер біз жастардың тәжірибеден өту мерзімін ұзартатын болсақ, онда оның ынталандырушы әсері төмендеп кетер деп қауіптеніп отырмыз. Екінші жағынан бюджет лимитімен жұмыс істейміз. Егер мерзімін екі есе ұзартатын болсақ, онда жастар тәжірибесіне қатысушыларды екі есе қысқартатын боламыз. Ал бұл бағыт жастардың арасында үлкен сұранысқа ие», - деді Біржан Нұрымбетов.


Соңғы жаңалықтар