Қос қолсыз тігінші: Сенім болса, кез келген қиындық еңсерілмек

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұлттық өнерді дәріптеуші, қайсар ана, кәсіпкер, «Жасау Тараз» орталығының иесі Анар Бексұлтановамен «Қайсар ғұмыр, ғажап талант» атты онлайн кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Анар Бексұлтанова ең алдымен, балалық шағының куәсі, ұядан көрген тәрбиесінің арқасында ұлттық өнерді бойына сіңіріп, өзі үлгі боп отырған аяулы қыздарына да бұл кәсіп түрінің дарығандығын жеткізді. Ол екі аяғымен іс тігіп, қазақтың ұлттық оюларының сан түрімен жұмыс жасап, қазір де заман ағымына қарай жастардың сұранысына орай түрлі құрақ құрауда. Биология мамандығы бойынша білім алған Анарда о баста тігін саласына келіп, осылай кәсіп ашып кетемін деген ой мүлде болмапты. Отбасының, бауырларының, ұстаздарының қолдауының арқасында көп дүниені меңгеріп, өзіне деген сенімділігі арта түскен.

Тағдырдың түрлі сынағында өзінің өжеттігі мен қайсарлығының, сенімділігі мен төзімділігінің арқасында мойымаған қайсар ана өз өмірі туралы былай ой өрбітеді:

«Бұл дүниеге екі қолсыз келсем де, өзімді мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынанмын деп есептемеймін. Бұл — менің кемшілігім емес. Жоғары оқу орнын аяқтап, облыстық музейде жұмыс істеп, екі қыз тәрбиелеп, кейіннен жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, бүгінде кәсіпкер деген атқа ие болып отырмын. Қазір жұмыс істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек еңбектеніп, ізденуі керек. Ешкім алдына дайын дүниені жасап алып келмейді. Мен аяғыммен іс тігумен қатар, сурет салу, бақ гүлдерін өсірумен айналысамын. Гүлді өсіруде де ерекше күтім керек. Ол да бір бала тәрізді. Бірде ауырып, бірде түрлі күйге ұшырап отырады. Тіпті, бақшамда қыздарыммен қатар өсіп келе жатқан гүлдер де бар. Адамдарда алға деген ұмтылыс, сенім болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады»,-дейді ол.

Айта кету керек, Анар Бексұлтанова «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін цехын ашқан болатын. Содан бері елден тапсырыс алып, қыз жасауын тігуде. Бүгінде техникаларының санын да арттыра түскен.

Ол тапсырыс берушілердің өте көп екендігін айтады. Анар әсерлі әңгіме соңында барша нәзік жандыларды келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады.


Соңғы жаңалықтар