Көшпенділердің ұмыт қалған тағамдарын дайындаудан республикалық фестиваль өтуде

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Бірегей қазақтың ұлттық тағамдары» атты республикалық гастрофестиваль-байқаудың кезекті кезеңі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұйымдастырушылар мен қатысушылар көшпенділер мен дала тағамдарының алуан түрлілігін көрсетуге тырысты. Ұмытылған рецепт бойынша дайындалған ас мәзірі жиналған қауымның зор қызығушылығын тудырды.

Байқауға тек кәсіби аспаздар ғана емес, сонымен қатар үй шаруалары, колледж студенттері де қатысты.«Асүй құпиясын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін отбасылар бар. Мен көп жыл бойы ел бойынша экспедициялар өткіздім. Бүгін қазақ тағамдарының ұмытылған 200 түрін әзірлеу құпияларын қайта жандандырдық. Ұлттық асүйіміз туралы әңгіме болғанда, ет, қуырдақ, құрт, қымыз және тағы бірең-сараң атаулар ғана еске түседі. Алайда, қазақ асханасы бірегей, көпқырлы және әртүрлі», - дейді ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ҒЗИ материалдық емес мәдени мұра бөлімінің басшысы, этнограф Әйгерім Мұсағажинова. Ол қарағандылықтар үшін шеберлік сабақтарын өткізді. Зерттеуші жылқының асқазанынан көшпенділердің тағамы - қарын бөртпе дайындады. Әйгерім Мұсағажинова сондай-ақ қуырылған бидайдан жасалған төңкерме тағамының қалай дайындалатынын көрсетті. Оны қазақтар босанатын әйелдерге арнайы дайындап, бала туғаннан кейін бірден берген. Бұл тағам жас анаға күш береді және әйел сүтінің құнарлығын арттырады. Байқауға қатысушылар көне рецепт бойынша тағамдар әзірледі. Көпбалалы ана Бақытты Қанапинованың үстелінің ерекшелігі батырлар үшін жинақталған далалық шағын қапшық болды. Оның ішінде сүр және құрт сақталған. Осы жиынтығы болса, батырлар далада оған су қосып, оңай ғана сорпа әзірлей алған.

Сайыскерлер өздерімен бірге ұлттық сусындардың 7 түрін алып келген. «Бұл – халық арасында ұмытылып қалған қышқыл-сүт сусыны шалап. Ол нәрлі және пайдалы. Оңай және тез дайындауға болады. Айранды алып, оған су қосу қажет, артезиан суы болса тіпті жақсы. Сонан соң аздап тұз қосу қажет. Бұл кальцийге бай тағам. Біз отбасымызбен үнемі шалап ішеміз, балалар жақсы көреді және өздері дайындауды үйреніп алған», - дейді Бақытты. Ал үлпершек салттық тағамын Шахтинск технологиялық колледжінің командасы ұсынды. Жылқының немесе сиыр малының жүрегінен әзірленген астың өз тарихы бар. Бұл тағамды тұрмысқа шығып, алысқа кеткен қызына ата-аналары дайындаған. Осылайша қыздың туғандары оны сағынып, жақсы көретіндерін білдірген.

Байқауды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы бойынша өткізілуде.

Қарағанды аспаздық байқаудың аймақтық кезеңдері өткізілген үшінші қала болды. Қазақ асүйінің үздік білгірлері 25 қараша күні Нұр-Сұлтанда өтетін қорытынды кезеңге жиналады. Фестиваль қорытындысы бойынша Қазақ асханасының бірегей және ұмытылған тағамдарының альбомы шығарылады.

Соңғы жаңалықтар