Қосшыға қала келбетін беру керек – Ақмола облысының әкімі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстағы Қосшы қаласын дамыту жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Бірақ біз мұның мәртебе екенін, ал мазмұны бойынша ауыл қалаға айналуы үшін ауқымды кешенді жұмыс жүргізу қажеттігін жақсы түсінеміз», - деді Ермек Маржықпаев Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингіде.

Әкімнің мәліметінше, елорда маңындағы аймаққа 20 млрд теңгеге жуық инвестиция салынды.

«Қосшы бойынша 2017 жылы 2 млрд теңге бөлінсе, 2018 жылы 6 млрд теңге, ал екі жылда Қосшы қаласын дамыту үшін 7 млрд теңгеден бөлеміз. Бөлінген қаражатқа қарамастан, елорда маңындағы аймақта көптеген мәселелер бар екені түсінікті», - деді әкім.

Ермек Маржықпаевтың айтуынша, 2011 жылы Қосшы халқы 7 мың адамға жеткен, ал қазіргі уақытта қалада 65 мыңға жуық адам тұрады.

«Талапкер, Жібек Жолы, Ильинка (Қараөткел), Қоянды елді мекендерінде 15-тен 20 мыңға дейін адам тұрады, яғни халық көп, және біз инженерлік желілермен де, әлеуметтік сала объектілерімен де жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деп атап өтті Е. Маржықпаев.

Әкім Қосшыда 4 әлеуметтік нысан мен 1200 орындық мектеп пайдалануға берілетінін атап өтті.

«Қазір 100 орындық емхананы аяқтап жатырмыз, алдағы жылы 1200 орындық мектепті тапсырамыз және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастаймыз. Мәдениет үйін жобалай бастадық, бірқатар спорт алаңдарын жобалап жатырмыз, яғни Қосышға қала келбетін беру керек. Жолдар бойынша үлкен жұмыс атқарудамыз. Республика көмектесіп, облыс бірлесіп қаржыландырып жатыр. Біз Қосшы бойынша туындаған мәселелерді жедел шешуге тырысамыз. Болашақ жаман емес. Бүгінде электрмен жабдықтау, жаңа ықшам аудандарды сумен жабдықтау бойынша ЖСҚ әзірлеп жатырмыз. Қала қала болуы үшін барлығын жасаймыз», - деп атап өтті Е.Маржықпаев.

Әкімнің мәліметінше, қаланы дамыту үшін алдағы бес жылда бюджеттен 113 млрд теңге бөлу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар