Қостанай облысы автокөлік экспортын бірнеше есе арттырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2018 жылы өңірде барлығы 291 көлік экспортталса, жыл басынан бері 1 886 көлік сыртқа сатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Капиталды көп қажет ететіндердің бірі - машина жасау саласындағы жобалар. Өңірде осы сала қарқын алып келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша мұндағы өндіріс көлемі 2 есе өсті. Машина жасауда автомобиль құрастыру жақсы дамып келеді. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтып, жыл басынан бері 19,6 мың автокөлік құрастырылды. Бұл өткен жылғы осыған ұқсас кезеңдегіден 2 есе артық әрі тұтастай 2018 жылғы көрсеткіштен 1,6 есе көп», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кәсіпорын биыл 25 мың автокөлік құрастыруды көздеп отыр.

«Қазір Қытайдың СМС және JAC компанияларының Аллюр компаниялар тобы капиталына кіру жөніндегі мәміле аяқталып қалды. Таяудағы 10 жылда инвесторлар саланы дамытуға кезең-кезеңімен 1,1 млрд АҚШ долларын құюды жоспарлап отыр. Өндіріс көлемін жылына 80-100 мың автомобильге дейін ұлғайту, сондай-ақ жергіліктендіру деңгейін көтеру және автомобильдердің модельдік қатарын кеңейту күтілуде», - деді ол.

Әкімнің сөзіне сенсек, көліктердің модельдік қатарын кеңейтумен қатар, автокөліктерді экспорттық жеткізу көлемі де ұлғайып келеді. Егер 2018 жылы барлығы 291 көлік экспортталса, жыл басынан бері 1 886 көлік сыртқа сатылған.

Соңғы жаңалықтар