Қостанай облысында 167 ауылда мектеп жоқ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 167 ауылда білім беру мекемесі жоқ. Бұл ақпаратты өңірлік коммуникация қызметінде облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Орал Қаппасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыста мектепке дейінгі ұйымдарда 17 мың бала кезекте тұр. Негізі, өңірде мектепке дейінгі жүйені дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары әзірленген-ді. Оған сәйкес 50 балабақша кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтеді. Бұл жыл сайын 5 мыңға жуық баланы қосымша қамтуға және мемлекеттік бағдарламада белгіленген көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Биылғы дерек бойынша 167 ауылдық елді мекенде білім беру ұйымдары жоқ. Бұл ауылдарда мектеп жасындағы 1538 бала тұрады. Олар көрші ауылдардағы мектептерге арнайы бөлінген автобуспен қатынап оқиды. Техника паркі жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатта 2022 жылға дейін 30 автобус сатып алу жоспарда бар», - деді Орал Қаппасов.

Қостанай облысында 47 мектеп күрделі жөндеуді күтіп тұр. Оған жалпы сомасы 14 млрд теңге қаражат керек.

«Осы жылы 3 млрд теңгеге 15 мектепті жөндеуден өткізу жоспарланып отыр, 3 мектеп апатты жағдайда. Алдағы уақытта бұл ғимараттардың орнына әрқайсысы 320 орындық 3 жаңа мектеп салынады. Былтыр Әулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай ауылында апатты жағдайда тұрған ескі мектептің орнына жаңа мектеп салына бастаған. Оның құрылысы биыл шілде айында аяқталмақ. Қалған екі мектеп 2023 жылға дейін салынып, пайдалануға беріледі», - деді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар