Қостанай облысында 17 смарт-ферма іске қосылмақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында мал шаруашылығы мен егіншілікті цифрландыру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, цифрландыру және инновациялық технологияларды енгізудің жылдық жоспары орындалды. Атап айтсақ, егістіктің 100%, жайылымдардың 83%, шабындық алқаптың 95%-і толық цифрландырылды.

«Жалпы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде нақты егіншілікті, ет және тауарлы сүт фермаларын цифрландыру жұмыстары сәтті жүргізілді. 2022 жылға дейін облыста нақты егіншілік бойынша 192 озық және 16 цифрлық ферма, мал шаруашылығында 156 озық ферма және 17 смарт-ферма болады. Сондай-ақ, осы бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларын өсіруге маманданған 300 стартап жоба құрылады», - дейді басқармадағылар.

Биыл Қостанай облысында агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытудың маңызды бағыты – етті мал шаруашылығы бағдарламасы іске асты. Төрт түлік басы көбейіп, өнімнің барлық түрінің өндірісі артты. Ірі қара мал саны 458,5 мың, жылқы 122,9 мың, қой мен ешкі 500,3 мың басқа жетті.

Айта кетейік, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді ұлғайтуды қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында осы жылы 2,7 млрд теңгенің 4 жобасы пайдалануға берілді.


Соңғы жаңалықтар