Қостанай облысында 5 мың отбасына азық-түлік таратылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай кезінде 6-18 жас аралығындағы балалары бар отбасылар азық-түлік, тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдайлар уақытында еңбекақысы төленбей, мәжбүрлі демалысқа шыққан қазақстандықтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлемдер алады. Бір қызметкерге берілетін әлеуметтік төлем мөлшері айына 42,5 мың теңгені құрайды.

«Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу және қосымша жұмыс орындарын құру мақсатында ҚР Үкіметі жол картасын әзірледі. Жол картасы әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-көліктік инфрақұрылым саласының объектілерін жөндеу, қайта жаңарту, елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді. Жоба Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша жұмыссыз азаматтарға қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - дейді Гүлнәр Әбенова.

Басқарма басшысының айтуынша, төтенше жағдай кезінде 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар азық-түлік, тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етіледі. Қазір облыста 5 мыңнан астам отбасы осындай көмекке қол жеткізеді.

Ал АӘК алатын 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға ай сайын азық-түлік жиынтығы және гигиеналық құралдар беріледі.


Соңғы жаңалықтар