Қостанай облысында 6,6 мың тоннадан астам азық-түлік қоры жасалды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін өңірлік тұрақтандыру қоры құрылды. Оның жұмысы туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингіде «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Байбосын Мурзин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2018-2021 жылдарға арналған азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы 1 млрд теңгеден астам сомаға «Тобыл» ӘКК қызметтерін сатып алды. Оның ішінде 200 млн теңге кәсіпкерлік субъектісіне қарыз беруге бағытталған.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 14 түрі іріктелді. Жалпы сомасы 775,9 млн.теңгеге 4,1 мың тонна өнім және 11,6 млн дана жұмыртқа сатылды. Ағымдағы жылы тұрақтандыру қорына 8,5 мың тонна өнім түсті. Оған 1 млрд 239 млн теңге жұмсалды. Өңірлік тұрақтандыру қорындағы өнім көлемі 6,6 мың тоннадан асады. Жыл соңына дейін мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі бойынша 20 тонна қарақұмық жармасы, 50 тонна күнбағыс майы, 60 тонна күріш сатып алу жоспарланып отыр», - деді Байбосын Мурзин.

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорына 181,1 тонна қант, 19,3 тонна күріш, 1,05 тонна қарақұмық, 5 мың тонна бидай ұны, 270,5 тонна макарон өнімдері, 11 тонна өсімдік майы жиналды. Олар азық-түлік тауарлары азайған аудан-қалаларға арнайы тәртіп бойынша үлестіріліп отырады.


Соңғы жаңалықтар