Қостанай облысында аса ірі көлемді героин партиясы тәркіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысында героиннің қомақты партиясы тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері прокуратура органдарымен бірлесіп күдікке ілінген жеке кәсіпкерді ұстады. Одан 0,5 келіден астам героин тәркіленді. Есірткі үйдегі істен шыққан тоңазытқышта сақталып келген. Бұдан арғы тергеу әрекеттері барысында күдіктінің бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған серіктесінің пәтерінде бірреттік доза ретінде өлшеніп, 36 түйіншекке оралған 22 грамм героин және тәркіленді», - деді ІІМ ресми өкілі.

Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторында. Кінәлары дәлелденсе, дүние-мүліктері тәркіленіп, өздері 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Нұрділдә Ораздың айтуынша, аталмыш қылмыстың жолы кесілмеген жағдайда героиннің 3 мыңға жуық дозасы «нарыққа» шығар еді.

«Ал Қарағандыда полиция қызметкерлері Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғынынан гашиштің ірі партиясын тәркіледі. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің хабарлауынша, күдікті қылмысқа оқталған сәттен бастап бақылауда болған.

Қарағандыға пойыз билетін сатып алғаны туралы ақпарат түскен бойда оны ұстау шаралары қабылданды. Осылайша күдікті таңғы сағат 5-те Қарағандыға түскен сәтте ұсталды. Сөмкесінен 40 келіден астам гашиш табылды», - деді ведомствоның ресми өкілі. Айтуынша, күдіктінің кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар