Қостанай облысында бірінші рет тізе буындарына эндопротез отасы жасалды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қалалық ауруханасында тізе буындарын эндопротездеу бойынша алғашқы жоғары технологиялық ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай ота Қостанай облысында бұрын-соңды жасалмаған. Жауапты жұмысты жоғары санатты дәрігер, Алматы қаласы жедел жәрдем ауруханасының бөлімше меңгерушісі Владимир Семенов жүргізді. Ол жергілікті хирург-травматологтарға шеберлік сабағын да өткізді. Дәрігер дәл осындай мыңнан астам ота жасаған.

«Қостанай қалалық ауруханасы эндопротездеу бойынша өз бетінше жұмыс істеуге дайын. Мұны дәрігерлер мен медбикелердің дайындығынан білуге болады. Мен Қостанайға әріптесім, қалалық аурухананың травматология бөлімшесінің меңгерушісі Эрик Қоянбаевтың шақыртуымен келдім. Енді қостанайлық дәрігерлер мұндай қиын отаны өздері де жасай береді деп ойлаймын. Тізе буынының ауруымен жүгінген тұрғындар да жетерлік. Тек іске кірісу қажет», - дейді Владимир Семенов.

Сонымен, тізе буындарын эндопротездеу дегеніміз не? Владимир Семенов мұны зақымданған буынды жасанды буынға алмастыру деп түсіндірді. Жасанды буын жоғары сапалы медициналық қорытпадан тұрады. Эндопротездерді пайдалану мерзімі – 20 жыл. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмек буыны қатты зақымданған емделушілерге көрсетіледі.

«Эндопротездеу – зақымданған буынды алмастыру процесінің бір бөлігі ғана. Ота жасалғаннан кейін пациент физиотерапиялық емдеу мен дене шынықтыру курсынан өтуі тиіс. Қозғалыс функциясын жылдам қалпына келтіру үшін бұл шаралардың маңызы зор. Жоспар бойынша қалалық ауруханада жыл соңына дейін 50 адамға жасанды тізе буыны салынады. Бұл – техникалық тұрғыла күрделі операция. Біз үшін де, дәрігерлер мен медбикелер үшін де үлкен сынақ. Қысқасы, біз бұл сынға дайынбыз»,- деп түсіндірді қалалық аурухананың травматология бөлімшесінің меңгерушісі Эрик Қоянбаев.

Тағы да айта кетейік, тізе буындарын эндопротездеу бойынша жоғары технологиялық ота өңірде бүгін бірінші рет жасалып отыр.


Соңғы жаңалықтар