Қостанай облысында бұзылып қалған КамАЗ-дың кесірінен орман өрті тұтанды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Қарабалық ауданында орманда ағаштар мен шөптер жанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысы Қарабалық ауданы, Песчаное ауылының маңындағы Байқадам орман шаруашылығы аумағында 0,4 га құрғақ шөп тұтанды. От орманға қарай өтіп, 0,6 га аумақты шарпыды», - деп хабарлады Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінен.

11 мамыр күні кешке басталған өртпен күрес бүгін таңға дейін созылды. Өрт ауыздықталып, күзету мен бақылау мақсатында техника қойылды.

«Өрттің тұтану себебі – бұзылған КамАЗ автокөлігі. Жергілікті шаруа қожалығының жұмысшысы егіс алқабын өңдеп жүрген. Машина жасыл желек маңайында сынып қалған. Көлікті жөндеу барысында оттың ұшқыны құрғақ шөпке түскен», - деді ТЖД-дан.

Көлік жүргізушісіне қатысты «Өрттің тұтануына алып келген орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін және санитарлық нормаларды бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.


Соңғы жаңалықтар