Қостанай облысында электр қуатының құны өседі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында қазан айының 23-нен бастап электр энергиясы үшін тариф бағасы көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай энерго орталығы» серіктестігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне электр қуатының әр киловатын 1,7 процентке өсіру жөнінде тапсырыс берген. Бұл мәселе сала мамандарының қатысуымен өткен жиында талқыланды.

«2004 жылдан бастап біздің орталық Қостанай қаласы мен 516 елді мекенге қызмет көрсетіп келеді. Тұтынушылар саны 210 мыңға жетті, оның 7767-сі заңды тұлғалар. Соңғы жылдары электр қуатын тасымалдаудың құны қымбаттаған. Қазіргі тариф арзан. Оны өсіру арқылы артық шығындарды қысқарта аламыз» , - деді «Қостанай энерго орталығы» серіктестігінің директоры Анаргүл Өскенбаева.

Бүгінге дейін бір киловатт энергия үшін тұтынушылар 17 теңге 46 тиын төлеп келеді. Қазіргі қолданыстағы тариф бағасы бойынша қаржылық жетіспеушілік бар. Біріншіден, өндірістік шығын мөлшері көбейді. Жанар-жағармай мен қондырғылардың қымбаттауы – тарифті өсірудегі негізгі себептер. Сонымен, бұрын электр энергиясының құны 17,46 теңге болса, 23 қазаннан бастап, 17,77 теңгеге өсуі мүмкін.

Жалпы, жарықпен қамтамасыз етіп отырған энерго орталықтар техникалық жаңғырту шарасын белсенді жүргізуде.

Мамандардың айтуынша, коммуналды қызметтер ақысын өсіру электр қондырғыларын жаңартуға жағдай жасамақ. Апатты жағдайлардың алдын алуға ықпалын тигізеді.

Соңғы жаңалықтар