Қостанай облысында қазақ халық аспаптарының фестивалі өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Әулиекөл ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бабадан қалған қазынам» атты қазақ халық аспаптарының аймақтық фестивалі өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға Алтынсарин, Науырзым, Қарасу, Қамысты, Қостанай аудандарының өнерпаздары қатысты. Әулиекөл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жібек Кәкімжанқызы іс-шараның маңызына тоқталды.

«Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық құндылығын осындай бағыттағы шаралар айғақтайды. Біздің басты миссиямыз – ұлттық кодты сақтау, жаңғырту, насихаттау. «Бабадан қалған қазынам» атты қазақ халық аспаптарының аймақтық фестивалін мәдени мұрамызды дамыту, аймақтар арасында мәдени байланысты нығайту мен халық аспаптарында ойнау дәстүрін дәріптеу мақсатында өткізіп отырмыз», - дейді бөлім басшысы.

Аудандық мәдениет үйіне жиналған ұжымдар қазақтың музыкалық аспаптарының өзіне тән үнін, орындаушылық дәстүрін ортаға салды. Фестивалдің бірінші кезеңінде ансамбльдер шығармалары орындалды. Ансамбльдер өз шығармаларын эстрадалық бағытта ғана емес, сондай-ақ, қазақ халық аспаптары – асатаяқ, шаңқобыз, шылдырмақтармен әспеттеді. Қарасу ауданы өнер мектебінен келген «Дала әуені» ансамблі, «Грек композициясы» квартеті, Алтынсарин ауданынан «Ата мұра» ансамблі, Қостанай ауданынан «Көк бөрі» этноансамблі, Әулиекөл ауданы өнер мектебінің «Қазына» этноансамблдері жақсы өнер көрсетті.

Екінші кезеңде жекелей орындаушылар бақ сынады. Үздік шыққандар бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар