Қостанай облысында көп қабатты бес үйдің құрылысы басталды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай қаласының Қонай шағын ауданында көп қабатты үйлер салынып жатыр. Тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарламалардың қатысушыларына ғана беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықовқа сілтеме жасап.

Қостанай облысында «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» несиелік тұрғын үй бағдарламалары қарқынды іске асып келеді. 2020 жылдан бері өңірде 344 отбасы жеңілдетілген ипотека несиесіне қол жеткізді. Оның 70-і – көпбалалы отбасы.

«Бүгінде бюджет қаражаты есебінен Қонай шағын ауданында 5 көпқабатты баспана салынып жатыр. Мұндағы жаңа пәтерлер азаматтарға «Шаңырақ», «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша беріледі. Табысы төмен азаматтарға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы аясында «Отбасы банкіне» 2,5 млрд теңге аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Шаңырақ» бағдарламасы жергілікті атқару органдарында кезекте тұрған баспанаға мұқтаж азаматтарға арналған. Оның шартына сәйкес, бағдарлама қатысушыларының отбасылық табысы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 3 есе артық болуы керек. Жыл басынан бері 238 өтінім мақұлданды», - дейді басқарма басшысы.

«7-20-25» бағдарламасы шеңберінде Қостанай облысында 1 500-ден астам отбасы баспанаға қол жеткізді. Айта кетейік, пәтерге мұқтаж азаматтарды кезекке қою енді жергілікті атқару органдарынан «Отбасы банкінің» құзырына берілмек. Бұл дегеніңіз – азаматтарға «бір терезе» қағидаты аясында қызмет ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар