Қостанай облысында үй карантиніндегі науқастарды бақылайтын мобильді топ құрылды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Анжела Бексұлтанованың айтуынша, бүгінде Қостанай облысында COVID-19 жұқтырған 451 адам тіркелді. Оның 337-сі вирус тасушылар саналады. 215 адам сауығып кетсе, 3 адам көз жұмды. Коронавирустық инфекцияның алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында облыста барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде.

«Медициналық ұйымдардың төсек-орындарын бөлу эпидемиологиялық жағдайды есепке ала отырып, қайта қарастырылады. Қазіргі уақытта инфекцияға қарсы тұру үшін 1 488 төсек дайындалды. Инфекциялық стационарларда ауру белгілері байқалған пациенттерге медициналық көмек көрсетіледі. Науқастармен байланыста болған адамдардың тізімі жасалып, санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар қолға алынады. COVID-19 індетін тасушы санатына кіретіндер үйде оқшаулануда. Өзін-өзі оқшаулауға жағдайы болмағандар карантиндік стационарға ауыстырылады. Әрбір медициналық ұйымда үй карантиніндегі науқастарды бақылау мақсатында мобильді топ ұйымдастырылды. Жедел жәрдем станциясы күшейтілген режимде халықтың шақыртуларына қызмет көрсетеді. 15-25 маусым аралығында жедел жәрдем шақыруларының саны 11%-ға өскені байқалады», - дейді маман.

Осы күні ТМД және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қолайсыз елдерден келген 1000 адам үй карантинінде. Денсаулық сақтау басқармасының 23 маусымдағы бұйрығына сәйкес, коронавирустық инфекциясы расталған адамдар үшін компьютерлік-томографиялық зерттеулер жүргізіледі.

«Денсаулық сақтау басқармасының WhatsApp желісінде жедел нөмірі (8 777 375 44 77) және чаты бар. Оған кез келген тұрғын жаза алады. Сондай-ақ, басқарманың әлеуметтік желілерінде тікелей эфирлер өтіп тұрады. Халыққа коронавирустық инфекция кезінде дәрігерлік кеңес беру үшін тәулік бойы Call-орталық жұмыс істейді», - деп атап өтті Анжела Бексұлтанова.

Облыста медициналық кадр тапшылығы байқалмайды. Бүгінде 600-ге жуық медицина қызметкері КВИ-дің алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша дайындықтан өтті. Келесі аптаның соңына дейін облыстың барлық медицина қызметкері бекітілген кестеге сай оқытылады.


Соңғы жаңалықтар