16:07, 13 Мамыр 2021 | GMT +6
Қостанай облысында волонтерлер судан құтқару тәсілдерін үйренді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында Қызыл ай волонтерлері мен жасұландықтарды судан құтқару тәсілдеріне үйретті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицина орталығы (АМО) қызметкерлері Тобыл өзені жағажайында судағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында үйрету сабағын жүргізді. Сабақтың мақсаты – судағы төтенше жағдай кезінде көмек көрсетудің түрлі әдістерін көрсету мен меңгерту.
Еріктілердің тәжірибе жүзінде манекенде жан сақтау шараларын – жасанды дем алу және жүректі тікелей емес уқалауды жүргізуге мүмкіндігі болды.
«Тәжірибелік жұмыстар құтқару және зардап шеккен адамның өзін-өзі құтқару әдістерін қосты. Таза ауада жанды форматта өткен сабақ ақпаратты қолжетімді және қызықты етті. Еріктілер мен ерікті ұйымдардың өкілдері меңгерген білім мен тәжірибелерін игі істі жалғастыруда қолданбақ», - деп қосты ТЖД.