Қостанай облысында жедел жәрдемге сұраныс екі есе азайды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жедел жәрдем шақыртулары азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шілде айының басында өңірде жедел жәрдемге сұраныс тәулігіне 1400 шақыртуға дейін өскен болатын. Мәселен, 7 шілде күні 1680 адам жедел жәрдем қызметіне жүгінген. Эпидемия белең алғаннан бергі басқа күндері 1100-1300 қоңырауға дейін қабылданған. Ал карантин басталғанға дейін орташа есеппен тәулігіне небәрі 700-760 адам жедел жәрдем шақыртылатын. Соңғы күндері шақыртулар азайып келеді. Бүгін небәрі 650 қоңырау түсті», - дейді басқарманың баспасөз қызметіндегілер.

Қостанай облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Ирина Штейгервальдтың айтуынша, шақыртудың азайғаны өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың оңалып келе жатқанын көрсетеді. Алайда, қазір босаңсып, шектеу шараларына салғырт қарайтын уақыт емес. Осы қарқынмен індетті біртіндеп жеңуге болады.

«Шынында да, біздің облыстың тұрғындарынан COVID-19 вирусы анықталған сәттен бері жедел жәрдем қызметі үлкен жүктемемен жұмыс істеді. Жалпы, шақырулардың орташа тәуліктік саны 1,5 есеге артты. Тіпті бір күндері тәулігіне 1600 қоңырауға дейін жетті. 15 шілдеден бастап жедел жәрдем қызметіне түсіп жатқан қоңыраулар саны орта есеппен тәулігіне 5%-ға төмендеп отыр. Мәселен, кеше фельдшерлер 1033 шақырту алды. Бұл 1 шілдеден бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш болды. Ал бүгін 650 өтініш келіп түсті», - дейді бас дәрігер.

Бұған дейін Қостанай жоғарғы медициналық колледжінің 2-3 курс студенттері аудандардағы емдеу мекемелерінде белсенді жұмыс істеп жүргенін хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар