Қостанай облысындағы Қарамырза ауылында бірқатар үйлерді су басты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Үйлерді су басу жағдайы Қостанай облысының Қарасу ауданындағы Қарамырза ауылында орын алған. Адамдар қауіпсіз жерге шығарылды, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар үйлердегі суды сорғымен тартып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның атап өтуінше, көктемгі су тасқынына қатысты жағдай бүгінде тұрақты және үнемі бақылау үстінде.

«Орташа тәуліктік температуралардың күрт өсуі мен қардың мол еруі салдарынан Қостанай облысының орталық және солтүстік бөлігіндегі өзендер мен су қоймаларында су деңгейі көтеріліп жатыр. Көктемгі тасқын жалғасып, өзендер мұздан қарқынды тазару үстінде. Қазіргі кезде облыс бойынша қар басқан жердің аумағы 6 пайыздан аз», - деп ақпараттандырды ведомствода.

Алайда 13 сәуір күні қардың қарқынды еруі мен еріген қар суының көбеюінен Түнтігір өзені арнасынан асқан.

«Қарасу ауданындағы Қарамырза ауылында 39 тұрғын үйді су басты, ондағы су 30 сантиметрге дейін көтерілді. Төтенше жағдайлар департаментінің жергілікті атқарушы органдармен бірлескен күшімен зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялау ұйымдастырылды. Су басқан орыннан эвакуациялау пунктеріне 69 адам жеткізілді, олардың бір бөлігі туыстарының үйлеріне жайғастырылды. 334 ірі қара және ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп түсіндірді ТЖД-дан.

Сонымен бірге, жергілікті төтенше жағдайлар департаменті, атқарушы органдардың күштері тәулік бойы су басқан үйлерден суды сорғылау жұмыстарын жүргізді.

«Су басқан 39 тұрғын үйден су толық сорылып алынған. Қазіргі кезде барлық тұрғындар үйлеріне оралды, Қарамырза ауылының аумағында су басқан үйлер жоқ», - деп сендірді департаменттен.

Жалпы алғанда, облыс бойынша тасқын қаупі жоғары учаскелерде тәулік бойы кезекшілік жүргізу жалғастырылып келеді. Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары жоғары әзірлік жағдайында.


Соңғы жаңалықтар