Қостанай облысындағы көлге 25 млн жыл бұрын метеорит құлаған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыс орталығынан шалғайда жатқан Қамысты ауданындағы «Қоңыртау астроблемасы» нысаны өлкетанушылар мен туристерді қызықтырып келеді. Бұл орынға 25 млн жыл бұрын метеорит сынығының құлағанын ғалымдар дәлелдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғарыштық денелердің әсерінен әлемде жүзден астам ірі табиғи нысан пайда болған деседі. «Қоңыртау астроблемасы» – солардың бірі. Бұл шамамен 25 миллион жыл бұрын метеориттің жер бетіне әсер ету кезінде пайда болған ерекше орын. «Астроблема» ғылым тілінен аударғанда «жұлдыз жарасы» деген мағынаны білдіреді. Терминді алғаш америкалық геолог Р.Диц енгізген.

Айта кетейік , бірегей нысан Торғай үстіртінің батыс жағында, Қамысты ауданы, Талдыкөл ауылынан 24 шақырымда жатыр. «Қоңыртау астроблемасы» Қамысты ауданының киелі орындары санатына енген.

Талдыкөл негізгі мектебінің география және биология пәндері мұғалімі Роза Досмұхамедованың сөзінше, «Қоңыртау астроблемасын» өңірдің құпияға толы орны ғана емес, әлемдік экожүйенің көш басында тұрған құндылығы деп санауға болады. Тіпті, Роза Досмұхамедова 2017 жылы облысымызда өткен әлеуметтік идеялар мен бастамалар жәрмеңкесінде «Геолого-экологическая экскурсия «Кунгуртауская астроблема озера Круглого» тақырыбындағы зерттеу жұмысымен жеңімпаз атанды.


«Бұл аумақ Жайылма ауылына қарайды. Іргесіндегі «Круглое» аталып кеткен шағын көлшік бар. Дәл соның етегінде шеңбер болып үлкен жазық жатыр. Бір қараған адамға еңіс жазықтардан еш айырмашылығы жоқ, тартылып, орнын өсімдік басып кеткен судың табанына ұқсайды. Анығында өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Н.Скрябин мен Г.Берсенев есімді геологтар осы аралықта барлау жүргізу кезінде литосфера саласында сирек кездесетін қызыққа тап болады. Дәл осы «Круглое» көлшігінің аумағында 200 метр тереңдікке дейін топырақ қыртысының борпылдақ, жұмсақ екені анықталған. Зерттеушілер геологиялық, палеоботаникалық, аэрофототүсірілім материалдарының бір-бірімен байланысына және ғылымдағы басқа да гипотезаға сүйеніп, бұл мекен аспан денесі құлаған орын деген байламға тоқтапды. Олигоцен-миоцен дәуірінде метеор сынығы жерге келіп соғылған кезде диаметрі бір шақырым шұңқыр болып үңірейіп қалған», - деп түсіндірді Роза Досмұхамедова.

Уақыт өте келе шұңқыр іші топыраққа толып, тегістеліп қалады. Осы аумаққа құлаған метеориттің пішіні, салмағы, көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Бір анығы, тас құлаған орынға су жиналып, көлге айналған. Диаметрі екі шақырымдай.

Қоңыртау төбесі – Қостанайдың ең биік нүктесінің бірі. Геофизиктердің тұжырымына сүйенсек, өте ыстық температурадағы жұлдыз жарықшағы сол төбені тегістеп кеткен. Ал одан шашыраған ұшқындар жеті-сегіз шақырымға дейін атқылап, тас болып қатып қалған.

«Круглое» көлшігінің орнына метеор тас құлағаны жөнінде анық дәлел осы. Сол орыннан бір-бір жарым шақырымдағы көтерме жол бойында шашылып жатқан балқыған тастарды байқауға болады. Пішіні әдеттегі тастарға ұқсамайды, кәдімгі ақ балшықты илеп-илеп қатырып тастаған сияқты», - деді Талдыкөл ауылының әкімі Әбілда Ақдәулетов.

Өлкетанушы Роза Досмұхамедова «Қоңыртау астроблемасын» мемлекеттік деңгейде талқылауды ұсынады.

«Біз алғаш ғылыми жобаны жаза бастағаннан «Круглое» жері үкімет тарапынан табиғи резерват етіп қорғауға алынса деген ұсынысымызды білдіріп келеміз. Егер бұл киелі мекен мемлекет қорғауында болса, түрлі экспедициялар мен ғылыми жаңалықтар ашатын орынға айналар еді. Мәселен, біздің Қулыкөл, Талдыкөл бастаған ірі көлдерімізді қосып, Тауынсор мемлекеттік табиғи қаумалдар аумағына дейін созылатын кең аумақты алып жатқан мемлекеттік табиғи резерват етіп ашуға болады. Бұл жер көктем-күзде түрлі құстардың дамылдайтын орны. Біздің басты мақсатымыз – әлемдік географияның бір бөлшегі ретінде өзіміздің өлкемізді танып-білу, өскелең ұрпақтың бойына туған жерінің тарихын, мәдениетін сіңіру, өткір проблемаларын шешу жолдарын үйрету арқылы оларды патриотизмге баулу. Өз өлкеміздің тарихы, оның осындай құндылықтары оқушыларымыздың мақтанышы, туристердің көз тіккен орнына айналуы керек», - дейді Роза Досмұхамедова.

Қоңыртау тасы жөнінде терең зерттеу жүргізілсе, отандық геология, палеонтология, палеоботаника, палеофаунистика, климатология, радиология, зоология, экологияның жаһандық мәселелері бойынша біраз мағлұматтар алынар еді дейді өлкетанушылар.

Соңғы жаңалықтар