Қостанай облысының филармониясы 75 жылдығын атап өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония ұжымы өзінің 75 жылдық тойын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облыстық филармониясының тарихы 1944 жылдан басталады. Алғашқы концерттік бағдарламасы сол жылы 19 наурызда өтті. Филармонияның шығармашылық ұжымдары бүкіл Кеңес Одағында, Балтық жағасы елдерінде, Қиыр Шығыста, Орта Азияда, Еуропада өнер көрсетті.

Өнер ордасының 75 жылдығына арналған салтанатты кеш Жастар сарайында өтті. Оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қатысты.

«Соғыс жылдары құрылған Қостанай филармониясы – біздің өңірдің мәдени өмірінде маңызды рөл атқаратын байлығымыз. Осы жылдар ішінде филармония 35 миллионнан астам көрерменнің қатысуымен 300 мыңнан астам концерт ұйымдастырды. Бұл жетістіктерде Владимир Рыдченко, Александр Калугин, Александр Евсюков, Анатолий Заруба, Геннадий Стаканов, Гүлбану Абдулина, Серік Абілев және тағы басқа да филармония ардагерлерінің, белгілі мәдениет қайраткерлерінің сіңірген еңбегі зор. Биыл филармонияға жергілікті әкімдік тарапынан жақсы қолдау көрсетілді. Жаңа ғимаратқа көшті, микроавтобус пен музыкалық аспаптар сатып алынды», - деп атап өтті облыс басшысы.

Саланатты рәсімде Архимед Мұхамбетов филармонияның бір топ қызметкерін «Мәдениет саласының үздегі» төсбелгісімен, атаулы сағаттармен марапаттады. Олардың арасында Сапар Молдабеков, Елена Борская, Елена Кривова, Игорь Коропецкий, Назгүл Молдахметова, Гүлмира Үмбетова, Сергей Уваров, Лаура Шахметова сынды вокалистер мен музыканттар, хореографтар мен режиссерлер бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің грамоталары Гүлбану Абдулина, Серік Әбілев, Александр Евсюков, Анатолий Заруба, Қаржауовтар отбасы, Берік Оразалиндерге тапсырылды.

Мереке соңы үлкен концертке ұласты. Онда жергілікті өнер шеберлерімен бірге «Астана-опера» театрының әртісі Сүндет Байғожин мен халықаралық байқаулардың лауреаты Береке Еңкебаева өнер көрсетті.

Соңғы жаңалықтар