Қостанайда бағаны заңсыз өсірген таксилерге ескерту жасалды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда карантин уақытында бағаны ретсіз өсіріп жіберген такси қызметі ұйымдарына ескерту жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департаментіне сілтеме жасап.

Маусым айының басынан бері департаменттің Call-орталығына таксилердің тариф бағасына қатысты 80-нен астам шағым түскен.

«2020 жылғы 26 маусымда Қостанай облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті мамандары үш тасымалдаушыға қатысты ескерту хабарламасын жолдады. Олар: «Taxi Sity», «Tarlan» және «Народное». Тұрғындарды тасымалдайтын көлік ұйымдарына бағаны қайта қалпына келтіру ұсынылды. Олар 10 тәулік ішінде тариф жүйесін бірқалыптандыруы тиіс. Алдағы уақытта қайтадан бағаның көтерілуі туралы факті анықталса тасымалдаушыларға такси қызметі түсімінің 3-5% көлемінде әкімшілік айыппұл салынады» делінген департаменттің хабарламасында.

Расымен де, қостанайлықтар такси бағасының орынсыз өскені туралы әлеуметтік желілерге жазған болатын. Мәселен, қала тұрғынының хабарлауынша, таксиді мобильді қосымша арқылы шақырған арзанға түседі.

«Ресми таксилер бағаны шарықтатып жіберді. Мысалы, орталық базардан «Балалар үйіне» дейін әдетте 400 теңгеге жетуші едім. Карантин уақытында таксилер 800-900 теңге сұрады», - деп қынжылды желі тұтынушысы.


Соңғы жаңалықтар