Қостанайда көпбалалы 100 отбасына пәтер беріледі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Биыл Қостанай қаласында тұрғын үй құрылысына 20 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұрғын үй құрылысы – өңір экономикасын дамытудың басты факторы. Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов тұрғындармен кездесу барысында осы мәселеге екпін қойды. Щаһар басшысының айтуынша, 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 229,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл мақсатта 22 млрд теңге қаржы жұмсалды.

«Осы жылы тұрғын үй және инженерлік коммуникациялар құрылысына 19 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар биыл 269 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 10 көп қабатты үй бой көтереді. 4 жылға берілетін және 6 кредиттік үй салынады. Қазіргі уақытта Қостанай қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың есебінде 12,6 мың адам тұр», - деп мәлімет берді қала басшысы.

Айта кетейік, 2019 жылы көпбалалы отбасы алғаш рет жеке санатқа бөлінді. Бүгінде Қостанай қаласында 212 адам есепте тұр. Осы санаттағы азаматтардың кезектілігін төмендету мақсатында былтыр республикалық және жергілікті бюджеттен 569 млн теңге қаражат бөлінді.

«2020 жылы бұл жұмыс жалғасады. Қазына қаражатынан 1,2 млрд теңге қарастырылған. Бұған көпбалалы 100 отбасына пәтер сатып алу жоспарланып отыр», - деді Қайрат Ахметов.


Соңғы жаңалықтар