+7 (701) 759 90 19
USD 432.55 EUR 470.83
RUB 5.84 CNY 61.31
Jańalyqtar

Қостанайда өткен жылы 26 мыңға жуық көлік құрастырылды

2020 жылғы 25 ақпан 19:40
Бөлісіңіз:
Қостанайда өткен жылы 26 мыңға жуық көлік құрастырылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Биыл Қостанай облысында 50 мың автокөлік нарыққа шығарылмақ. Мамандар мұны отандық өнімге деген сұраныстың артқаны деп отыр. «ҚазАқпарат» тілшісі жергілікті автозауытқа барып, көлік шығару ісімен етене танысып қайқан болатын.

Ұқсас жаңалықтар
Автомобиль жолдары саласында 130-дан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген Қазақстанда жаңа автокөлікті онлайн тіркеуге болады Алматыда көлік қозғалысы бес есеге азайды

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің тарихы жол талғамайтын «Нива» жеңіл көлік құрастырудан бастау алған. Мұнан кейін елімізде «СарыарқаАвтоПром», «СемАЗ», «КАМАЗ-Инжиниринг», «Hyundai Trans Auto», «Daewoo Bus Kazakhstan» секілді автокөлік құрастыру кәсіпорындары сапқа қосылды. Осы кәсіпорындардың жұмысының нәтижесінде елімізде автоөнеркәсіп саласы пайда болды. Жылдан жылға жетіліп, қарқынды дамып келе жатқан Қостанай облысы көлік шығарудың заманауи тетіктеріне көшкен. Жаңа индустрияландырудың бірінші бес жылдығының қорытындысында автомобиль өндірісі өңдеу өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамушы сала ретінде танытты. «СарыарқаАвтоПром» зауыты әлемдік бренд саналатын көліктердің 10 шақты түрін құрастырады.

Қайнаған қызу тірліктің ортасында дәнекерлеу мен сырлау цехінің тобы жүреді. Зауыт директоры Сырым Семейбаевтың сөзінше, зауыт алғаш ашылғанда тек дайын бөлшектер құрастырылатын. Қазір өнімнің отандық үлесі артқан.

«Өндіріс ауқымы да еселеп өсіп келеді. Былтыр 25 мың көлік құрастырса, биыл желіден шығатын көлік санын 50 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өндірістің артуы тікелей сұранысқа байланысты», - деді Сырым Семейбаев.

Дәулет Нысанбаев – дәнекерлеу цехының бригадирі. Қол астында 10 жұмыскер бар.

«Біз өнімнің негізгі жұмысына жауаптымыз. Автомашинаның кабинасын құрастырып, келесі цехқа дайындаймыз. Олар бояп, шанақтарын іледі», - дейді цех бригадирі.

Жалпы бір автокөлікті құрастыруға бір-екі тәулік уақыт кетеді. Мәселен, бір ғана JAC маркалы автокөлік ұсақ торап тәсілімен өндіріледі. Бұл тәсілдің өзі ішінен бірнеше бөлікке жіктеледі.

Дәулет Нысанбаевтың осы кәсіпорында жұмыс істегеніне 6 жыл. Бастапқыда өзге де жергілікті мамандармен бірге Қытайдағы зауытқа барып тәжірибе жинап қайтқан. Қазір кәнігі шеберлердің бірі. Ол басқаратын дәнекерлеу цехында тәулігіне 16 көліктің кабинасы құрастырылады.

«Бізде жалпы өндіріс бөлімінде 1300 адам еңбек етеді. Зауыт оларға тек жалақы төлеумен шектелмей әлеуметтік жағынан да жан-жақты қолдау көрсетеді. Қала бойынша тегін автобус жүреді. Асханада тегін түскі ас беріледі. Көпбалалы отбасыларға мектепке қажеттіліктерге көмектеседі. Жаңа спорт залы салынды. Теннистен, футболдан турнирлер өтеді. Бұлардың бәрі бізге жақсы көмек», - деді Дәулет Нысанбаев.

Сонымен, отандық көлікке деген сұраныс ішкі, сыртқы нарықта бәсекелестікке төтеп беріп, автомобиль өндірісінің алға басуына мүмкіндік беріп отыр. Ал өндірістің дамуы мыңдаған жұмыс орындары ашылып, алдымен елдің әлеуметтік ахуалын түзеуге сеп болары анық.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың қаңтарындағы жағдайда Қазақстанда өндіріс көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 81,9% ұлғайып, қаржы түріндегі көрсеткіші 71% -ға, яғни 35,845 млн теңгеге дейін өскен.

«Өткен жылы автомобиль өндірушілер өндірісті екі есе арттырды. Сонымен бірге, жеңіл автомобиль жасау саласының еліміздегі машина жасау құрылымындағы үлесі 38% -ға жоғарылады. Біз өсу көрсеткіші биыл да күтіледі. Бірақ оның қалай өсетіні алдағы сатылу нарығына байланысты айқындалады», - дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қасқырбай Қойшыманов

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT