Қостанайда танымал тележурналистің шығармашылық кеші өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қалалық концерт залында телеочерктер циклының, Отан және танымал тұлғалар туралы фильмдердің авторы, белгілі тележурналист Гүлжібек Бекмұхамедованың шығармашылық кеші өтті. Шараға облыс әкімдігі қолдау көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол 40 жылдық шығармашылық қызметінде 50-ге жуық деректі тележоба жасады. Бірегей адамзат тарихының мәнін ашуға тырысты. Өмір мен қоғамның бұрылыстарын, заманның ағымын, жаратылыс пен құбылыстарды философиялық тұрғыда пайымдай білді. Автордың туындылары облыстық және республикалық шығармашылық байқауларда бірнеше мәрте жоғары бағаланды. Соның ішінде «Президент – біздің ойларымыздың көрінісі» және «Камшат Дөненбаева. Мен саған келдім, егіс даласы!..» атты екі деректі фильмі ҚР Тұңғыш Президентінің қорына енді.

Айта кету керек, Гүлжібек Бекмұхамедова 1955 жылы Қостанай облысының Әулиекөл ауданында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітіріп, еңбек жолын аудандық газеттен бастаған. Кейін жаңадан ашылған Қостанай облыстық телерадиокомпаниясы іргетасының қалануына мол үлес қосты. Орыс редакциясының бас редакторы қызметін атқарып, ұжымның қалыптасуына, көрермен назарына тартымды телехабарлар ұсыну жолында көп еңбек сіңірді. Соңғы жылдары мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, еңбек майталмандарының өмірі мен ерлік істерін арқау еткен деректі фильмдері жарыққа шықты және жұртшылық тарапынан жоғары бағасын алды.

Кеш барысында өңір басшылары, еңбек ардагерлері, білім және ғылым, медицина саласының білікті мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері және университет жастары мерейтой иесін құттықтап, жүрекжарды пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Кенжебек Үкин, саясаттанушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің IV шақырылымының депутаты Валерий Вишниченко, әлемге танылған ғалым-генетик Айгүл Әбуғалиева, кітап шығарушы, Бекмұхамедованың курстасы Валентина Захарченко, даңқты спортшы және жаттықтырушы, «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының жетекшісі Сабыржан Махметов, сондай-ақ асыл тұқымды мал өндірісін дамытуды жолға қойған білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, «Диевка» агрофирмасының бас директоры Олег Даниленко мерейтой иесінің шығармашылығы және адами асыл қасиеттері туралы ойларымен бөлісті. Шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен жіберілген бейнебаяндық құттықтаулар көрсетілді. Олар Гүлжібек Баекеқызының көптеген жылдар бойы журналистика саласында жемісті еңбек етіп, халықтың рухани байлығын арттыру үшін ел тарихының игілігіне айналған дүниелерді жарыққа шығарғанын атап өтті.

Г. Бекмұхамедованың телеэфир арқылы таратылатын және азаматтық пен патриотизмге негізделген авторлық жұмыстары мұражайлар, кітапханалар мен мұрағаттар қорларын толықтырды. Сонымен қатар білім беру, мәдениет, мемлекеттік органдардың қызметкерлері тақырыптық іс-шаралар өткізу кезінде кеңінен қолданылады. Қайшылықтар орын алып жатқан қазіргі заманда қоғамдық оң пікірді қалыптастыруда осындай тележобалардың алатын рөлі өте зор екені даусыз.

Іс-шара соңында Алматы қаласынан, Қазақстан Журналистика Академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаевтан қуанышты хабар келіп түсті. Онда медиа қоғамдастыққа танымал теледокументалист, Қазақстанның құрметті журналисі Гүлжібек Бекмұхамедованы Республикалық Журналистика академиясының мүшелігіне қабылдау туралы шешім шығарылғаны жеткізілді. Кешке қатысушылар бұл жаңалықты қуана қабыл алып, мерейтой иесіне қошемет білдірді.

Сахна шеберлері дарынды журналист әрі сценарист Гүлжібек Баекенқызына өздерінің ең үздік концерттік нөмірлерін арнады. Кеш соңында автор жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, алдағы жоспарлары туралы айтты.


Соңғы жаңалықтар