Қостанайда жазба ақындардың республикалық айтысы өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда Абайдың175 жылдығына арналған «Мен бір жұмбақ адаммын...» атты республикалық ашық жазба айтыс мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыдан үш жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Қостанай таңы» газеті мен облыстың ішкі саясат басқармасы бірлесіп қолға алған дәстүрлі жоба биыл ақпан айының аяғында басталып, тамыз айына дейін жалғасты. Жыр сайысына Қостанай, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан ұзын саны 18 ақын қатысып, алты ай бойы сынға түсті.

«Бұл жолғы айтысқа қазақ халқының бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы арқау болды. Жалпы, жоба басталғалы жазба айтыста бағы мен бабын сынауға 50 шақты үміткер ниет білдірген. Олардың ішінде тәжірибелі орта жастағы ақындармен қоса, студент жастар, тіпті талапты оқушылар да бәйгеге қосылды. Бұл да шын дарынның жас талғамайтынына айқын дәлел болса керек. Дәстүрлі жобаның жаңа маусымында ақындарымыз нағыз дарын екендерін тағы да дәлелдеп, жырсүйер жұртқа тамаша тарту жасай алды. Жоба барысында бойларына табиғат берген ерек қабілеттерін ғана емес, ұлттық терең таным, жан-жақты білімдерін көрсетіп, алып Абайдың рухани мұрасын зерделеп, өрнектеп өлеңмен өре білді. Одан бөлек, әлемді жаулаған зауалға, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өзіндік пікірлерге, азаматтық ұстанымдарға куә бола алдық. Ақындарымыздың қаламдарынан туған жолдарға елдік мұрат-мүдде, Отанға деген сүйіспеншілік, ынтымақ-бірлік сынды құндылықтар арқау болғанын да аңғару қиын емес. Сондықтан сөз өнері сайысына мейлінше жауапкершілікпен қарап, жан салып үлес қосқандары үшін, оқырмандарды жырмен сусындатып, жазба айтыстың көрігін қыздырған ақындардың барлығына айтар алғысымыз шексіз», - деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова.

Ақындар алты ай бойы интернет арқылы аламанға түсті. Араларынан үздіктері іріктеліп, шын жүйріктері алға суырылып шықты. Бір айта кетерлігі, биыл пандемия жағдайына, карантиндік шектеу шараларына байланысты, жылдағыдай жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өткен жоқ.

«Жеңімпаздар есімі газет және ресми сайт арқылы жария етіліп отыр.

Жалпы үміткерлердің қай-қайсысы да қал-қадірлерінше Хәкім Абайдың рухани бай мұрасынан сыр шертіп, жауһар сөздерін үлгі етіп үгіттеді, алып ақынның арман-мұраты мен қазақтың бүгінгі бет-бейнесін астастыруға ұмтылды. Қаламгер айтыскерлер тақырыпқа дендеп қана қоймай, бүгінгі қоғамның «аяқ алысы, жүрек қағысын» аңдап, елдің мұңы мен мұқтажын түгендеді, өзекті мәселелерді толғады. Елдік, ұлттық, рухани құндылықтарды қаламына арқау етіп, жазба айтыстың табиғатын жан-жақты аша білді. Айта кетейік, үш жыл бойы өткен жыр сайыстары биыл жеке жинақ болып шықты. «Жазба айтыс – жыр-жауһар» атты етжеңді кітапқа үздік айтыстар енгізіліп, қалың оқырманға жол тартып отыр», - дейді «Жазба айтыс» жобасының үйлестірушісі, белгілі ақын Жандос Жүсіпбек.

Ақындарды жұптап, олардың айтыстарын сын-сараптан қазылар алқасы өткізіп отырды. Жыр бәсекесіне Қазақстан Жазушылар одағының Қостанайдағы филиалы төрағасы, әдебиет сыншысы Жанұзақ Аязбеков, «Egemen Qazaqstan» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев, «Қостанай» телеарнасы директорының орынбасары Абылай Мауданов төрелік жасады.

Қазылар алқасының шешімімен арқалықтық ақын Батырлан Сағынтаев жазба айтыстың жеңімпазы атанды. 2-ші орын елордалық Ұланбек Бақытқа бұйырса, 3-орынды Нұр-Сұлтан қаласының ақыны Нұрдәулет Ғалымжанұлы мен Жангелдин ауданының ақыны Злиха Кенжеғозина өзара бөлісіп алды.


Соңғы жаңалықтар