«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» алғаш балет түрінде сахналанады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қазақ әдебиетіндегі танымал туындылардың бірі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жыры алғаш рет сахнада балет түрінде қойылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қойылымға 3 ай бойы дайындалып келеміз. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жыры бұған дейін сахналанғанымен балет түрінде алғаш рет қойылғалы отыр. Сондықтан жауапкершілік мол, дайындық жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Көрермендердің көңілінен шығу үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Оның үстіне аталған шығарманы тек Қазақстанда емес, алдағы уақытта шетелдік көрермендердің назарына да ұсынатын боламыз. Қойылымның қандай деңгейде сахналанғанын көрермендерден естігіміз келеді», - деді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.

Балет түріндегі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жыры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен елорда күніне орай ұйымдастырылғалы отыр.


«Неге Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деген сұраққа келсек, бұл махаббат пен сұлулық, нәзік сезім мен адамның бір-біріне деген адалдығын бейнелеп көрсететін шығарма. Сонымен қатар, бұл жырда қастандық жасау, кек алу бар бұл да өмірде бар нәрсе. Тағы бір себеп Қазақстанда ұлттық балет аз. Осы орайда отандық балетке мән беруді жөн санадық», - деді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов.

«Астана Балет» театрында сахналанатын қойылымды қоюшы-балетмейстер ретінде Ресейдің еңбегі сіңген өнер қайраткері Георгий Ковтун арнайы шақырылған.

Айта кетсек, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балетінің музыкасын ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жазған.

Қойылым 2-3 шілде күндері (сағат 19:30 және 18:00-де) елордадағы «Астана Балет» театрында сахналанады.


Соңғы жаңалықтар