13:41, 28 Қараша 2019 | GMT +6
ҚР Қорғаныс министрлігі жыл қорытындысын шығарды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Тимур Дәндібаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында 2019 жылғы Қазақстан әскері қызметінің қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2019 жылы 109 командалық-штабтық оқу-жаттығу, 50 000 жауынгерлік дайындық шарасы, яғни 3700 жауынгерлік атыс және тактикалық оқу, соның ішінде 1500 шара түнде өткізілді. 60 мыңнан астам әскери оқу негіздері бойынша – мерген, граната лақтырушы, нысанашы, жүргізуші және басқа да мамандар даярланды», - деді Тимур Дәндібаев баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық деңгейі Халықаралық армия ойындары қорытындысында дәлелденді.
«Қазақстан Қарулы Күштері командасы жалпыкомандалық есепте алғашқы үштікке кіріп, үш конкурста жеңімпаз атанды», - деп атап өтті қорғаныс министрінің орынбасары.
Авторы: Әйгерім Аңсағанова