ҚР Қылмыстық кодексіне екі тілдегі түсініктеме таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Заң ғылымын дамытудың жаңа көкжиегі және ұлттық заңнаманы жетілдіру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан, Польша, Ресей, Түркия жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, сондай-ақ еліміздің заң қауымдастығының өкілдері қатысты.

Ғылыми форум аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Исидор Борчашвили дайындаған әрі мемлекеттік және орыс тілдерінде алғаш рет басылып шыққан «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсініктеме» атты үш томдық кітаптың тұсаукесері өтті.

Басылымды дайындау барысында автор Қазақстан Конституциясының, ҚР ратификациялаған халықаралық маңызды актілердің, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, ұлттық заңнаманың ережелерін, сондай-ақ сот-тергеу тәжірибесінен алынған мысалдарды барынша толық пайдаланған.

Үш томдық кітап сарапшылар қауымдастығынан оң баға алды. Басылымға қылмыстық құқық саласындағы қазақстандық қана емес, шетелдік көрнекті ғалымдар да рецензияларын берген болатын. Басылымды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі еліміздің жоғары оқу орындарына арнап ұсынып отыр.

ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров тұсаукесер барысында сөз алып, еліміздің заң қоғамдастығына мұндай арнаулы әрі сапалы әдебиетті басып шығарудың зор маңызы бар екенін атап өтті.

«Исидор Борчашвили әзірлеген үш томдық – оның орасан зор шығармашылық жұмысының жемісі. Ол конституциялық құндылықтарды – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын осы маңызды кодификацияланған актінің барлық нормаларына мазмұнды да салмақты ғылыми түсіндірме бере алды. Еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған құқық қорғау және сот салаларын жүйелі жаңғырту аясында қылмыстық заңнамаға енгізілген жаңалықтардың қамтылуы – атқарылған жұмыстың маңыздылығын көрсетеді. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске түсініктеме қазақ тілінде шығарылуының да маңызы зор. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында автордың өз еліне осынау қомақты сыйы құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ғалымдар, оқытушылар, заңгер-студенттер тарапынан жоғары сұранысқа ие болатыны даусыз әрі Қазақстанның құқықтық жүйесінің одан әрі тұрақты дамуына өз үлесін қосатын болады», - деді Н. Әбдіров.

Сонымен қатар, халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында Астана халықаралық университеті мен Пятигорск мемлекеттік университеті (Ресей Федерациясы) арасында әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар